Коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеуге арналған зиратта ресми ақпараттар таратқан мәліметтерге қарағанда қабірлер саны үш есеге көп екені мәлім болды. Бұл туралы 31 арнаның "Сөздің шыны керек" бағдарламасында айтылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Алматыда қайтыс болғандардың денесі арнайы санитарлық талаптарды ескере отырып, Іле ауданына қарасты, Қараой ауылының маңайындағы зиратқа қойылады. Соңғы мәліметтерге сәйкес елімізде коронавирустан қайтыс болғандар саны 35 адам, ал оның ішінде 10 адам Алматыдан. Алайда видеоға түсірілген зираттағы қабір саны он емес, одан үш есе көп екенін көрсетеді. Сондай-ақ ондағы қарайған нүктелер тағы да алдын ала әзірленіп қойған қабірлер екені көрінеді.
"Коронавирустан қайтыс болғандар жерленетін зираттың мұсылмандар жататын жерінде 13 адамның, екінші жағында 17 адамның қабірі тұр. Ресми мәліметке сәйкес, Алматыда 10 адам қайтыс болды деген зиратта неге 30 адам жерленген? Сонда қалған 20 адамның ақпараты қайда? Тағы 12 қабір қазылып неге дайын тұр? Хлор төгіліп әзірленген шұңқырға адам көміледі деген сөз. Онда кімдердің мәйіттерін әкеледі? Неге адам саны ресми орган таратқан мәліметтен тым көп. Жоқ әлде қайтыс болғандар саны күн санап көбейіп жатыр ма? Олай болса, ресми мекемелер неге тиісті мәлімет бермейді? Коронавирус диагнозы қойылмағандар да осында жерлене ме?" - дейді бағдарлама жүргізушісі Ирина Советжанқызы.
Журналистің сұрақтарына Алматы тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті жауап берген.
"Коронавирусқа тестілеудің оң нәтижесі бойынша, барлық науқастарға коронавирус диаогнозы қойылады. Ал олардың арасында коронавирус салдарынан емес, өлім-жітім тудырған басты себепші болған әр түрлі созылмалы немесе қатерлі ісік ауруларымен сырқаттанған науқастар да болады. Талдау жүргізетін комиссияның қорытындысы бойынша, негізгі себептер мен диагнозы қойылады. Сондықтан қайтыс болғандардың ресми саны мен жерленгендер саны сәйкес келмеуі мүмкін", - делінген жауапта.