Ақтөбе қаласының әкімі мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесіп, қаланы қоларбамен аралап шықты, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы КТК арнасына сілтеме жасап.
Ақтөбе қаласында жол жөндеу, жүргіншілер жолын салу қарқын алды. Бұл жобалардың басым бөлігінде қоларбамен қозғалатын адамдардың сұранысы ескерусіз қалған. Олқылықты «Пандус ОК» ЖШС басшысы, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Шахан Жолдасбаев қала әкіміне айтты.
«Өзім қоларбамен жүремін. Жиналыстарда әкімге ескерту беріп, айтқан едім. Ол өзі көріп, қарап, сынақтан өткізуге уәде берді. Мен бар өмірімді мүмкіндігі шектеулі адамдардың қозғалысын жеңілдетуге арнадым. Еуропа елдері секілді кедергісіз жүріп, кез келген әлеуметтік нысанға кіруді қалаймыз. Әрқайсысының өз талабы, ережесі бар. Сол ескерілсе, адамдармен араласу біздерге жеңілдейді», - деді Ш.Жолдасбаев.
Айта кетейік, Ақтөбе қаласында 12 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың 2 мыңнан астамы балады. Биыл қаладағы «Инватакси» қызметіне жергілікті бюджеттен 39 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Барлығы 12 көлік тасымалдаумен айналысады.