Былтыр Солтүстік Қазақстан облысынан 77 адам көшіп кетті. Бұл – мемлекеттік бағдарлама бойынша оңтүстік өңірлерден көшіп барған отбасылар, деп хабарлайды «Хабар 24» телеарнасы.
Себеп сан түрлі. Бірі күннің суығына шыдамаса, енді бірі несиелік қарыздарына байланысты қайтып кеткен. Жалпы, былтыр аймаққа Түркістан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Маңғыстау облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласынан 2 мыңнан астам адам қоныс аударған. Олардың бәрі баспаналы болып, отбасы мүшелері үстемақы алды.
Мамандардың айтуынша, биыл келгендердің арасында қайтып кеткендер жоқ.
«Сол 22 отбасының ішінде 18-і мемлекеттік қолдау шараларын алмай, қайтып оралған болатын. Оның ішінде 10 отбасы отбасылық жағдайына байланысты, 4 отбасы ауа райы жағдайына, климатқа байланысты, 2 отбасы денсаулығына байланысты көшіп кеткен болатын», - дейді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының маманы Назерке Тасқұлова.