04.06.2020, 16:20

«Бүгінгі келіндер жерік болудың не екенін білмейді» - Зейнеп Ахметова

Фото: ашық дереккөз
Тек дәрігердің дәрісіне сену, соларға ғана тәуелді болудың нәтижесінде тәніміз бен жанымыздың өрістік ағысын, өрістік қалауын өздігімізден ажырата алмайтын ішкі сезімдік тоқырауға ұрындырып отыр.

Зейнеп Ахметова кит етсе «токсикоз!» деп дәрігерлер консултациясына жүгіретін әйелдерге ренжулі. Этнограф Зейнеп Ахметованың айтуынша, жеріктік өріс – ана үшін емес, бала үшін керек. Өйткені ол баланың қажеттілігінен туындайды.

«Қазір «мынаған жерік болдым» деп айтатұғын келіндер өте-өте сирек. Ары кетсе, тұздалған қияр, ең арысы құрт жейді. Ал тұздалған қияр қай жеті атаңның асы еді? Бұл – ауытқу. Жерік асты тауып берудің орнына дәрігерлер бәріне бірдей дәрумен береді. Сөйтіп бізде жеріктік өріс тоқырауға ұрынған. Сондықтан тұлға азайып бара жатыр», - деп атап өтеді өзінің «Күретамыр» атты еңбегінде.

Тек дәрігердің дәрісіне сену, соларға ғана тәуелді болудың нәтижесінде тәніміз бен жанымыздың өрістік ағысын, өрістік қалауын өздігімізден ажырата алмайтын ішкі сезімдік тоқырауға ұрындырып отыр.

«Бұл деген ұлттық қасиеттен ауытқуға әкелген. Қарапайым ғана кішкентай мысал келтірейік. Осы күні «мынандай дәмге жерікпін» деп атын атап, түсін түстеп беретін келіндер өте сирек. Есесіне, әйтеуір тәбетін ашу үшін, жерігін басып тұншықтыру үшін тұздалған қияр мен тұздалған помидор жейтіндер екінің бірі. Бұл нені көрсетеді? Бұл жеріктік өрістің тоқырауы, тектік сәйкессіздік, ұлттық болмыстың өзгеруі деуге болады. Өзгерген емей немене, тұздалған қияр мен помидор қай ата-бабамыздың асы еді? Келісерсіз-келіспессіз, бірақ екі айналдырып ойлануға тұратын түйткіл екені анық», - дейді З.Ахметова.

Өзге жұртта қаншалықты маңыз берілетінін кесіп айту қиын, қазақтың табиғатында «Жерік» деп аталатын ұғым бар. Жерік болу – құрсақтағы бала мен ана ағзасында белгілі бір дәруменнің жетіспеушілігінен де туындайтын қалыпты құбылыс екені даусыз. Бірақ, қазақ үшін жерік қашаннан қасиетті ұғым саналады. Сәбидің болашақ мінезі өзге емес анасының жерік асына байланысты болады. Жерігі қанбаған анадан жетесіз бала туады. Ондай бала болашақта жалқау, тілазар немесе әлсіз, аурушаң болады деп ырымдаған. Жерік асты бірден білу оңай емес. Өйткені, не жейтінін, нақты қандай тағамның қажет екенін аяғы ауыр ананың өзі де білмейді. Белгілі этнограф, жазушы Зейнеп Ахметованың айтуынша, келінінің жағдайын байқаған бойда бұрынғы енелер бірден арнайы дастарқан жайып, ауылдағы әйелдерді дәстүрлі қонаққа шақыратын болған. Шақырылған әйелдер құр қол келмейді, әрқайсысы өз үйлерінен әртүрлі тағам әкеледі. Ондағы мақсат – келіннің жерік асын табуға жәрдемдесу. Бұл «құрсақ шашу» деп аталған.

Зейнеп анамыздың айтуынша, жерік ас кейде тосын, күтпеген нәрсе болуы мүмкін. Ол болашақ ананың өз қалауына, өз таңдауына байланысты емес, еркінен тыс болатын құпия құбылыс. «Күні бүгінге дейін сақталған ел ішіндегі аңыз-әңгіме, жыр-дастандарда жолбарыстың жүрегіне, қабыланның, аюдың, ұлардың, сұңқардың етіне жерік болған аналардан туған балалар кейін ержүрек батыр, ақылгөй дана болғандығы жайлы айтылады. Мысалы, әруақты батыр Жалаңтөс бабамыздың анасы, Ақтұмар жарықтық, көкжал қасқырдың төс етіне жерік болған дейді. Әрине, аңыз тарих, дәлел емес, алайда аңыздың ішінде шындық жатады. Егер келіннің жерік асы табылмаса, ол босанғанша ішкен-жегені бойына сіңбей басы айналып, әл-дәрмені құрып, көңілі жер тартып, әбден титықтайды.

Тағы бір этнограф Болат Бопайұлының айтуынша, екі қабат аю етіне жерік болса, туылған баласы бейне аю секілді болады. Әрқандай жұмысқа қаражон, күшті келеді. Алпамсадай үлкен, дәу азамат болып ер жетеді. Мінезі аңғал-саңғал, аңқау келеді.

Екі қабат әйел көкбөрінің етіне не жүрегіне жерік болса, кейін туылған баласы көкжал бөрідей қайсар, жаужүрек батыр болады. Ел қорғайтын ер, сөз бастайтын шешен, қол бастайтын көсем, көреген көзді алып азамат болады деп ырым етеді.

Ауыр аяқ әйел сиыр етіне жерік болса, кейін туылған баласы сиырдай күшті болады. Зор денелі келеді, адуын азамат болып ер жетеді.

Ана түйе етіне жерік болса, кейін туылған баласы түйедей үлкен, дәу азамат болады. Ірі мінезді келеді. Нар көңілді болып туылады.

Б.Нұратай