Петропавлдық көпбалалы отбасы Павел мен Татьяна Култышевтардың отбасында 16-сәби дүниеге келді. Ерлі-зайыптылардың 9 ұлы мен 7 қызы бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Татьяна орта мектепті тәмәмдағаннан кейін бірден тұрмысқа шыққан. Павел екеуі 18 жылдан бері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Көпбалалы ана тұңғышын 20 жасында дүниеге әкелген. Егіз балалары жоқ. Сәбилерінің арасы негізінен 1 жас шамасында. 9 ұл, 7 қыз. Тетелестері бір сыныпқа барады. Үйде 11 мектеп оқушысы бар. Балалардың барлығы орта есеппен 3-4 келі салмақпен туған.
Татьяна жүктілік бойынша тіркеуге босанатын күні жақындағанда ғана тұрады екен. Дәрігерлердің айтуынша, жас ананың жағдайы жақсы. Жаңа туған ұлының салмағы – 3,8 келі. Бойы – 52 сантиметр. Татьяна жүктілік кезінде ультадыбыстық зерттеу жасамаған.
«Бала дүниеге келгенше оның ұл немесе қыз екенін білмедік. Мен үшін олардың айырмашылығы жоқ. Аман болса, болды. Бала – Құдайдың сыйы. Сондықтан қуанышымда шек жоқ. Және әрқайсысының орны бөлек. Біреуі үйде болмаса, орны ойсырап қалады. Өзім көпбалалы отбасынан шыққанмын. Оның қандай бақыт екенін білемін. Бастысы, оларға жақсы тәрбие беріп, бірінші кезекте жақсы адам етіп тәрбиелеу», - дейді көпбалалы әке Павел Култышев.
Ерлі-зайыптылар сәбиіне әлі ат қоймапты. Отағасы бұл мәселені барлық балаларымен ақылдасатынын жеткізді. Жаңа туған сәбилерін перзентханадан шығарып алу үшін әкесі отбасының барлық мүшесін ертіп апарады. Бұл отбасылық дәстүрге айналған. Ол үшін шағын автобус жалдайды. Павел Владимирович Жаратқан тағы бірнеше сәби сүйгізсе де қарсы емес екенін жеткізді.
16 балалы Култышевтар жалпы аумағы 120 шаршы метр үйде тұрады. 5 сотық жерде мал асырап, жеміс-жидек егеді.