Саясаттанушы Ерлан Саиров "Ел үшін демократиядан басқа балама жоқ" деп отыр. Тіпті, осы ойы оны мазалап, түн ұйқысын төрт бөліп жүрген көрінеді-міс. Мәселен ол, "қоғамда бір-бірін тыңдау, оппонентіңнің уәжін қабылдау мәдениеті қалыптасу керек" деген көзқараста. Ойын бүкпесіз жеткізетін азамат бұл жайлы facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
"Мені бір мәселе мазалап жүр. Менің қоғамдық принципті позициям - Қазақстанда демократия дамып, пікірлер плюрализмі қалыптасуы керек десеңіз, біздің ел үшін демократиядан басқа балама жоқ деп ойлаймын!
Дегенмен, демократияға деген қозғалыс, ұмтылыс мемлекетіміздің табалдырығына, фундаментіне кері әсерін тигізбеуі тиіс. Егерде тәуелсіз Қазақстан болмаса, бізге демократияның қажеті қанша!? Сондықтан, демократиялық процесстер эволюциялық түрде, салмақты-салиқалы жүруі тиіс.
Ең бірінші, саяси мәдениет мәселесі өзекті. Қоғамда бір-бірін тыңдау қабілеті, мәдениетті, байсалды пікір алмасу, дискуссия жасау мәдениеті қалыптасуы керек. Өкінішке орай, бізде төзімсіздік, басқаның көзқарасына алакөзбен қарау жиі кездеседі.
Демократия дегеніміз - ең бірінші, оппонентіңнің уәждерін қабылдау, ол уәжбен келіспеуге болады. Дегенмен, оны сыйлауың керек. Сын қажет. Өзара сын бүгінгі күннің басты қажеттілігі, бірақ, сын - мін болмауы керек", - деп ойын жүйелей түсті.
Мұнымен қоймай, митинг өткізудің мәдениетін жаңарту керек деген өз тұжырымына ойысты.
Оның пайымдауынша, митинг туралы жаңа қабылданған заңды ел болып тиімді пайдаланған жөн.
"Митинг өткізу мәдениеті жаңаруы керек. Митинг дегеніміз - көшенің стихиясы емес. Митинг - дегеніміз ең бірінші, билікке өзіңнің талабыңды мәдениетті түрде жеткізу. Ол үшін жабылып жүріп, митинг туралы заң қабылдаттық. Енді сол заң бойынша қай қаланың болмасын қақ ортасында құлақтандыру арқылы, азаматтарға өзінің талап-тілектерін жеткізуге мүмкіндіктері бар. Осы мүмкіндікті оңтайлы пайдалану өте маңызды. Бізге жаңа тұрпаттағы диалог пен қоғамдық процесстің бастамасы керек.
Ең бастысы - мемлекет. Демократия сол мемлекеттің атрибуты, керісінше емес", - деп желіге азаматтық көзқарасын жазған саясаттанушының пікірімен келісетіндер де табыла кетті.
Мысалы, Ахметжан Аятжанұлы: "Демократияны ту етіп жүрген адамдардың бір ісіне сын айтсаң жеке басқа тіке шапшиды.
Тек оларға да мақтау керек" десе, Ерасыл Бақытжан: "Қазақ өзінің қауымдасу қасиетін жандандыра білсе, стихиялық митингсіз-ақ орындарда өз пікірлерін жылжыту арқылы, яғни, эволюциялық әдіспен халық билігіне қол жеткізуге болады деп ойлаймын" деп үн қосыпты.
Бұл пікірлер саясаттанушы жазбасының астына өз ойын білдіргендердің бірнешеуі ғана, шын мәнінде, өзекті мәселе жөнінде "әу" деп қалып жатқандардың қарасы қалың.