11.06.2020, 11:00

«Жаңа мектептің қазығы да қағылған жоқ»: ауыл тұрғындары әкімдіктің уәдесіне «тойып отыр»

Егер аудан басшылығы балаларды көрші ауылға апарып, мәселені шештік деп санаса, біз мұнымен келіспейміз.

Біржан сал ауданына қарасты Бұланды ауылындағы мектеп құлағалы тұрғандықтан, балалар 12 шақырым қашықта орналасқан Макинск ауылына қатынап оқуға мәжбүр. Қыстың қатты аязы мен жауын-шашын жауғанда жағдай мүлдем қиындайды.

Жаңа мектеп салу үшін сметалық құжаттама жасауға былтыр тапсырма берілсе де, білім ордасының қазығы әлі қағылмаған. Жергілікті билік өкілдері де еш асығар емес деп шағымданды Бұланды тұрғындары Azattyq Rýhy редакциясына.

Ауылдағы мектептің қазіргі сұлбасы адам шошырлық. Қабырғалары қақырап, терезелері сынған, ғимарат қаңырап бос тұр. Балалардың білім ошағы қаңғыбас ит-мысық пен құстардың ұясына айналғалы біраз уақыт болыпты. Ауылдағы ата-ана баланың қамы үшін жергілікті аудан әкімінінен бастап, облыс әкіміне де дейін хат жазған. Алайда, жаңа мектептің құрылысы жақын күндері басталмайтынына көздері жеткен.

«Өткен жылдың 25 тамызында Бұланды орта мектебінің ғимаратында Бұланды және Қарағай ауылының тұрғындарымен жиналыс өткізілген. Жиынға Біржан сал ауданының әкімі Ермек Нұғыманов, білім бөлімінің басшысы Руслан Әбдікеновтер қатысқан. Осы жиында ауыл мектебі апатты деп танылды. «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Сергей Быковтың келісімімен оқушыларды уақытша оқыту үшін келісімшарт жасалып, Макинск селосындағы мекеме ғимараты жалға алынған. Былтырғы оқу жылын Бұланды ауылының балалары осы ғимаратта аяқтады», - дейді есімін көрсетпеуді өтінген жергілікті тұрғын.

Оның айтуынша, қыс айларында мектепке бару былай тұрсын, ауылдан шығар жолдардың бәрі түгел жабылып, ересектердің өзі шарасыз күй кешеді екен.

«Мемлекет тарапынан құрылыс жасауға қаншама қаражат бөлініп жатыр. Аядай ауылға шағын мектеп салып беруге неге шамалары жетпейді? Қыстыгүні көп жағдайда жолды қар басып, сыртқы әлеммен қатынас мүлде жабылып қалады. Бұланды орта мектебінің педагогикалық ұжымы өте мықты. Қазіргі елдегі қиын жағдайға қарамастан ауыл балаларына жоғары білім деңгейін қамтамасыз етіп келеді. Біз жаңа мектептің құрылысын жеделдетіп бастау қажет деп санаймыз. Бұл таланты мұғалімдердің шығармашылық мүмкіндіктерін жүзеге асыруға жол ашар еді. Ал, балаларымыз өз ауылында жайлы мектепте алаңсыз білім алар еді. Егер аудан басшылығы балаларды көрші ауылға апарып, мәселені шештік деп санаса, біз мұнымен келіспейміз. Әрі Бұланды мен Макинск арасындағы автомагистральды жылдам трассада жол-көлік оқиғалары жиі орын алады. Біз балаларымыздың өмірінің қауіпсіздігі үшін қатты қорқамыз», - дейді ауыл тұрғыны.

Осыдан кейін қазан айында ауыл мектебінде аудан әкімі Ермек Нұғымановтың төрағалығымен тағы жиын өткен. Бұл жолы әкім тұрғындарға жаңа мектептің құрылысы салынатынын айтып, уәдені үйіп-төгіпті.

«Жиын барысында аудан әкімі білім бөлімінің басшысы Руслан Әбдікеновке ескі мектепті бұзып, бір қабатты жаңа мектеп құрылысын жасауға жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді тапсырды. Халыққа уәде берілгелі сегіз айдан астам уақыт өтті. Бірақ ауылда жаңа мектептің қазығы да қағылған жоқ», - дейді ауыл тұрғындары.

Былтыр аудан әкімімен құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамасын жасауға тапсырма берілсе де, аудандық білім бөлімі басшысының құрылыстың қашан басталып, қашан аяқталатынынан хабары жоқ.

«Бұланды ауылында мектеп жасындағы 59 бала бар. Былтырғы оқу жылын «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғимаратында бітірді. Келер жылы да осы ғимаратта білім беруді жоспарлап отырмыз. Аудандық құрылыс бөлімі жобалық-сметалық құжаттаманы жасатып жатыр. Мектеп құрылысының қашан басталып, қашан жаңа мектеп салынатынынан білмеймін. Құрылыс жайын аудандық құрылыс бөлімінен сұраңыз», - деді Біржан сал аудандық білім бөлімінің басшысы Руслан Әбдікенов.

Жаңа мектеп жобасына аудандық құрылыс бөлімімен жобалық-сметалық құжаттама жасауға қаражат бөлінген. Дегенмен, мектеп құрылысы үшін бөлінген жер ауданы шағын болғандықтан, уақыт созылып жатыр дейді билік өкілдері.

«Бұланды ауданында 80 орындық жаңа мектептің құрылысы салынбақ. Мемлекеттік сатып алу тәртібімен жобалық-сметалық құжаттама жасауды «Дизайн орталық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңіп алды. Келісімшарт жасалып, жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобалық-сметалық құжаттама жасауға 10 миллион теңге қаржы бөлінді. Ғимарат салынатын жердің топографиялық түсірілімі жасалды. Алдымен ғимаратты салуға 1 гектар шамасында жер бөлінген. Алайда, бұл жер жетпей тағы қосымша бір гектар жер қажет болды. Қазір мәселе жергілікті тұрғындармен келісіліп шешіліп жатыр. Жаңа мектепте шағын орталық, балалардың ойын алаңы қойылып, маңайына толықтай абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Жасалған келісімшарт негізінде тамыздың соңына дейін екі-үш ай ішінде жобалық-сметалық құжаттама әзірленуі тиіс. Одан кейін бір жарым-екі айдай уақыт кешенді ведомстводан тыс сараптамадан өткізіліп, оң қорытынды алуы керек. Тек содан кейін ғана облыстық бюджеттен ауыл мектебінің құрылысына қаржы бөлуін сұраймыз», - дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Бахтияр Мұстафин.

Бөлім басшысы мектептің жобасы екі-үш айда аяқталуы тиіс деп желпінгенмен, сметалық құжаттаманы жасап жатқан «Дизайн Орталық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшылығы мектеп жобасын аяқтау үшін кемінде сегіз ай уақыт қажет деп отыр.

«Біз топографиялық түсірілімді екі мәрте жасап, шығындандық. Қазіргі күнге жер көлемі толықтай берілген жоқ. Сондықтан мектептің іргетасын, төменгі жағын қалай салатынымызды анықтау қажет. Қазір біз ғимараттың жоғарғы қабатының ғана сметалық құжаттамасын жасаудамыз. Жобалық-сметалық құжаттаманы жасауға кемінде 8 ай уақыт кетеді. Құрылыс бөлімі бізге жер мәселесін уақытында шешіп бермеді. Сондықтан заңға сәйкес жобалық-сметалық құжаттама жасауға қосымша уақыт беруі тиіс», - дейді «Дизайн Орталық» ЖШС бас инженері Сәулет Марамов.

Тиісті органдардың басшыларының сөзіне қарасақ, Бұландыда жаңа мектептің төбесі таяу арада жарқырай көрінетін түрі жоқ. Ал, ауыл балалары келер жылы да 12 шақырым жердегі көрші ауылға қатынап оқымақ...