11.06.2020, 23:05

Атырауда «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы тапсырылған үй құлағалы тұр

«Жаңа үйлердің проблемасы көп. Бала-шағаның аузынан жырып, ипотекаға алдық, 10-15 жыл. Ол біздің қалтамыздан төленетін ақша. Сол үшін жанымыз ашиды», - дейді апатты жағдайдағы үйдің тұрғыны.

Атырауда жаңадан салынған көпқабатты үйдің қабырғалары қақырай бастады. Бұл – 72 пәтерлік тоғыз қабатты үй. Былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қолданысқа берілген. Тапсырыс беруші – қалалық құрылыс бөлімі, деп хабарлайды «Хабар 24» телеарнасы.

Үйді «Атырау ЖБИ-2005» серіктестігі салған, техникалық қадағалауды «NURTAU» инженерлік бюросы жүргізген. Ал авторлық қадағалауды «АтырауГенплан» мекемесі жүзеге асырды.

2 жыл бұрын мамандар үйдің іргетасты мен ғимараттың тірек қабырғаларында ақау барын анықтаған. Сөйтіп, мердігерге жөндеуді ұсынған. Бірақ, атқарушы мекеме ғимаратқа қол тигізбеген секілді. Солай бола тұра, былтыр осы апатты жағдайдағы ғимаратты тапсырыс беруші қабылдап алған. Ақша мердігерге толық төленіпті.

Қазір қауіпті үйдің 51 пәтерінде адамдар тұрып жатыр. Олар «баспана қабырғасы опырылып, құлап кете ме...» деген қорқынышпен күн кешіп келеді. Өкініштісі, тұрғындардың дені пәтерін ипотекаға алған.

«Терезенің астын бұзатын болсаңыз, қазір астында дым жоқ арасында. Пена құйылмаған, жартысында бар, жартысында жоқ. Дұрыс жасалмаған. Қалай болса, солай жасаған. Жарық бар жарларында. Жаңа үйлердің проблемасы көп. Бала-шағаның аузынан жырып, ипотекаға алдық, 10-15 жыл. Ол біздің қалтамыздан төленетін ақша. Сол үшін жанымыз ашиды», - дейді апатты жағдайдағы үйдің тұрғыны Нұрғиса Ерғазы.

Ал қала әкімінің орынбасары Ринат Жанғылышев: «Атырау ЖБИ-2005» мердігер мекемесі жұмыстарын толық атқарды. Мына ақпарат желілерінде тараған мәлімет шындыққа сәйкес емес. Себебі, үйді салу кезінде авторлық надзор тарапынан шағымдар болған. Сол кезде бас мердігер мекеме өз ұсыныстарын беріп, сол конструкцияны ешқандай өзгеріс енгізбей, толық жұмыстар атқарған. Сондықтан үйге қауіп төніп тұрған жоқ», - деп отыр.