Еліміздегі эпидемиологиялық жағдай басқаша сипат ала бастады. Науқастар саны да күрт артып, өлім-жітім көбейіп барады. Бастапқыда қарапайым тұрғындар арасында белсенді болған коронавирус жаңа маусымды элита өкілдеріне шалма лақтырудан бастады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Алдымен Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли вирус жұқтырғанын мәлім етті. Ұзамай Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеухан күтпеген жерден сырқаттанып қалып партияластарын үлкен үрей құшағына батырып кетті.
Енді міне, майданның қақ төрінде жүрген бас дәрігер Елжан Біртановтың өзі карантинге жабылып отыр. Айтпақшы, ол өзі ғана емес бірге іс-сапарға барған тағы бірнеше шенеуніктің басын қауіпке байлап кетті. Бас уәзір Асқар Мамин, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың едел-жедел тест тапсырғаны белгілі болды. Абырой болғанда, екеуі де вирустан аман болып шықты. Қазіргі уақытта екеуі де дәрігерлердің бақылауында.
Дәрігерлердің айтуынша, бұрынғыдай емес вирустың мінезі де өзгерген. Бастапқыда жеңіл формада, яғнр ЖРБИ түрінде болса, қазіргі сырқаттардың жағдайы біршама ауыр күйде өтіп жатыр. Айтпақшы, Елжан мырза Біртановқа да тура осындай «жағдайы орташа» деген диагноз қойылған.
Азаттық рухы порталына сұқбат берген дәрігерлердің бірі де дәл қазіргі уақытта жұртты аса сақ болуға шақырған. «Бізге вирустың басқа, ауыр формасы келгендей. Жұқпа ошақтары көбейді. Бұған дейін ауырғандар қарым-қатынас жасағандар тізімінен болатын. Қазір ауру ошағын анықтау қиын болып жатыр», - деп атап өткен Петропавл қалалық коронавируспен жұмыс жөніндегі инфекциялық аурухананың анестезиолог-реаниматолог дәрігері Данияр Бейсембаев.
Ресми деректерге сүйенсек, елімізде вирус жұқтырғандардың саны 15 мыңға жуықтаған. Ол аздай өткен түні ғана тағы төрт адамның індет құрбаны болғаны белгілі болып отыр. Ешқандай ауру белгісі жоқ, яғни симптомсыз науқастар саны да тағы 600 адамға көбейген.
Ауруханалар да науқастарға лықа толы, еш жерде орын жоқ. Осыған байланысты, елордадағы әскери госпиталдардың біразы коронавирусқа шалдыққан науқастарды қабылдауға мәжбүр болып отыр. Елорда әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қаладағы әскери клиникалық госпиталь Covid-стационар негізінде қайта құрылып жатыр. Сонымен қатар, қалада індет жұқтырғандар үшін қосымша 400 провизорлық орын құрылып, ауруханалар базасында инфаркт, инсульт және қант диабеті бар адамдарға (КВИ-ге күдікті) жеке кереуеттер алына бастаған. «Қажет болған жағдайда стационар ретінде қаланың бірқатар әскери медициналық мекемелері де тартылатын болады», - деп мәлімдеме жасаған елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бірақ соған қарамастан, ресми билік астанадағы жағдайдың тұрақты екенін айтудан танар емес. Ал жұрттың ойынша, үкімет бақылауды қолдан шығарып алған. Бақылау жасай алмай отыр. «Осының салдарынан індет өршіп барады. Жағдай оңалғанша карантин режимін алмау керек еді!», еді дейді қала тұрғындары.
«Карантинді ашып тастады. «Қырылып өлсін!» дегені ме, түсінсем бұйырмасын! Үкіметтің не білген ойы бар? ...Мұндай ел басына күн туған ауыр жағдайда карантинді ашып қойып, індеттің өршуіне жол беріп қарап отыр?! Емдеуге де шама жоқ, сақтануға да мүмкіндік жоқ. Көшеде, саябақтарда адамдар түгелге жуық маскасыз жүр. Карантинді ашпау керек еді, ауруды кіргізбей сақтану керек еді», дейді кәсіпкер әрі қоғам белсендісі Бақытбол Берімбай.
Бақытбол мырзаның жазуынша, қауіпті вирус бақылаудан шығып кеткен. «Билік, Денсаулық министрі қауіпті вирусты бақылаудан уже шығарып алды. Яғни бетімен кетті індет. Халқым, өзіңді-өзің сақтамасаң ешкім сені сақтамайды, қорғай алмайды! Астанада жағдай өте ушығып кетті. Емханалар науқасқа толды. Қарайтын дәрігерлер де, дәрі де жетіспей жатыр. Жедел жәрдем ауру белгісі бар науқастарды үйіне қалдырып, емханада орын жоқ деп поликлиникаға немесе ақылы «Олимп» зерттеу орындарына жөнелтуде. Үкіметтен, Астана, Алматы, Түркістан т.б індет өршіген қалаларды, бүкіл Республиканы карантинге жауып, төтенше жағдай орнатуын, бейуаз халқымызды қорғауын талап етемін!», - деп жазады өзінің facebook парақшасында.
Сондай-ақ ол қажетті дәрі-дәрмек таппай біраз жүгіргенін айтады. «Дәріханаларда антиботик дәрілер жоқ. Іздеп жартысын әрең таптым. Сақтықта қорлық жоқ! Екі күннен бері әйелім қызуы көтерілді, қызым мен менің басым ауырды. Скорилер алмай кетті! Енді не болады жағдайымыз? Анализді де Олимпке тапсырамыз ақылы. Сонда үкіметтің бөлген 13 миллиард доллары қайда жұмсалып жатыр?!», - деп үлкен мәселенің шетін шығара кеткен.