Адвокат Абзал Құспан жалған ақпарат таратқаны үшін Арман Шораевтан кешірім сұрады. Оның айтуынша, бұлай етуіне марқұм Бейсен Құранбектің "Азаматсыңдар, бір-бірлеріңнің әкелеріңді өлтіргендей ештеңелерің жоқ" деген сөзі себеп болыпты. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, кешірім сұраушының видеоүндеуіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
"Ардақты ағайын, құрметті көрермендер мүмкіндікті пайдала отырып, бүгін ел, қоғам алдында белгілі қоғам қайраткері Арман Шораев ағамыздан кешірім сұрағым келеді. Егер естеріңізде болса, 2019 жылдың қазан айында мен белгілі журналист, қоғам белсендісі Сәуле Әбілдаханқызына интервью беру барысында өзімнің қорғауымдағы Серік Төкеев пен Ислам Әбішевке қатысты қылмыстық іс бойынша тапсырушылардың (тапсырыс берушілердің) қатарында Арман Шораев та бар деген сипатта мәлімет таратқан болатынмын.
Осыған байланысты маған қатысты талап-арыз беріліп, азаматтық іс басталған еді. Алматы қалалық Алмалы аудандық сотында сол сот процесі күні бүгінге дейін жалғасып келе жатыр. Осы айтқан сөздерім үшін Арман Шораевтан кешірім сұрауыма бір емес, бірнеше жағдай себеп болып отыр.
Біріншіден, сол мән-жайларды түсіндіре кетейін. Мен Сәуле Әбілдаханқызына интервью беру барысында Арман Шораевтың тапсырыс беруші деп атауыма өзімнің қорғауымдағы сотталушы азаматтардың сөзі себеп болды. Ол туралы сол кездегі интервьюде ашық айтылды да. Алайда, Арман Шораевтың тапсырыс беруші болатындай біздің қолымызда, соның ішінде, менің қолымда бір материалдық сипаттағы, құжат түріндегі қандай да бір дәлелдер жоқ болатын. Ол кезде де болған жоқ. Ондай құжаттар, материалдар, дәлелдемелер бар деп ол кезде де айтқан жоқпын.
Екіншіден, 2019 жылдың желтоқсан айында мен Алматы қаласының онкологиясында сол кезде ауырып жатқан досым Бейсен Құранбек бауырымыздың хал-жағдайын білуге бардым. Ол кезде қасымызда Сәуле Әбілдаханқызы және ортақ достарымыз болды. Сол кезде Бейсекең де бұл жағдайға алаңдаушылық білдіріп: "Әй, Абзал, сендер елдің азаматтарысыңдар! Біріңе айтсам, екіншіңе айтпай қалсам, ыңғайсыз болар!? Сен тоқтасаңшы! Азаматсыңдар, бір-бірлеріңнің әкелеріңді өлтіргендей ештеңелерің жоқ" деп, "осы істі тоқтатуға себепші болсайшы" деген өзінің өтінішін айтқан болатын. Артынан бірақ,"мен осыдан тұрайын, жазылайын, сосын екеуіңді өзім тоқтатамын. Әйтпесе, саған айтып, Арманға айта алмасам, онда дұрыс болмайды" деген.
...Енді белгілі Бейсекең өмірден озып кетті. Біздің елімізде енді әртүрлі діни ағымдар қаптағанына қарамастан, қазақ болып қала береміз. Қазақ әрдайым әруақты сыйлаған халықпыз. Бейсекеңнің (Бейсен Құранбек) әруағы риза болсын деп те осы жағдайға барып отырмын. Бұдан кейінгі жерде жалпы, жаңа атап өткенімдей, қылмыстық іс әлдеқашан өз мәресіне жетіп қойды. Қазіргі таңда бұл азаматтық істі әрі қарай соза берудің еш мәні де, мағынасы да қалмады", - деген адвокат Абзал Құспан Арман Шораевтың да өзі секілді ойлайтынынан үмітті.
"Одан қала берді қазіргі таңда менің бірауыз сөзіме бола, қазіргі таңда талап-арызға Сәуле Әбілдаханқызы жауапкер ретінде тартылып жатыр. Осыны көшіріп басқан, газет иелері, сайттар үшінші тұлғалар ретінде (жауапкершілікке) тартылуда. Сондықтан осы ақпаратты таратқаннан кейін, Арман Шораевтың ел алдындағы беделіне шынында да нұқсан келгенін ескере отырып, көпшіліктің алдында Арман Шораевтан кешірім сұрап, осы азаматтық істің нүктесін қояйық дегім келеді", - деп айтар ойын түйіндеді.
Өз кезегінде, естіген құлақ есебін берді. Абзал Құспанның видеоүндеуін көрген Арман Шораев әлеуметтік желіге әлгі видеоны жүктеп, "Кешірдім" деп бірауыз сөз жазғаннан басқа "ләм-лим" демепті.