$ 449.58  486.94  4.86

Баталов Ұйғыр ауданының атауын өзгертуге уәде берді

Баталов өзінің бұл байламын аудан тұрғындармен кездесу барысында айтқан.

Алматы облысына қарасты Ұйғыр ауданындағы кешегі шудан кейін өңір басшысы Баталовтың беті бері қарай бастаған сығайлы. Бұған дейін Ұйғыр ауданының атауын өзгертуге үзілді-кесілді қарсы болып келген әкім бүгін жұрт талабымен келіскен рай танытты, деп хабарлайды  Skifnews.kz ақпарат порталы.

Newsroom.kz  порталының жазуынша, өңір басшысы Амандық Баталов өзінің бұл байламын тұрғындармен кездесу барысында айтқан.  Яғни ауданда болған оқиғаға орай арнайы келіп, тұрғындармен жиналыс өткізген соң облыс әкімі көпшілік алдында Ұйғыр ауданының атын өзгертуге уәде берген. 

«Облыс әкімінің орынбасары оқиға орнына бірінші барды. Ізінше облыс әкімі Амандық Баталов та жетіп, аудандық әкімдікте жиналыс өткізді. Оған ауыл ақсақалдары,  ел ағалары және жастар жиналып, мәселені талқыға салды. Көп көтерілген мәселе – Ұйғыр ауданының атын ауыстыру. Сондай-ақ, жиында жастар арасына іріткі салып жүрген үшінші топтың бар екені айтылды. Сол бойынша құзырлы органдар тиісті тексеру жүргізуде», - деп мәлім еткен облыс әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.

Баспасөз хатшысының айтуынша, 16 маусымға қараған түні екі көлік Шонжыдан келе жатып, бір-біріне жол бермей,  түсінбеушілік туындап,  арты төбелеске ұласқан. Бұл – жастар арасындағы бұзақылық. Олардың бәрі 1999-2000 жылы туған жігіттер.

Бейресми ақпараттар бойынша, екі күн бұрын қазақ-ұйғыр жастары арасында жанжал туып,төбелескен. Салдарынан бес адам пышақталған. Оның үшеуі қазақ, екеуі ұйғыр азаматы. Осы мәселеге байланысты ауыл жастары дүрлігіп, әкімшілік алдына жиналған.

Естеріңізде болса, осыған дейін де әлденеше рет Ұйғыр ауданының атауын өзгерту туралы мәселе көтерілген болатын. Бірақ барлығы да еш нәтижесіз қалып жүрді. Облыс басшысы Амандық Баталов та арнайы брифингтердің бірінде аудан атауының өзгертудің қажеттілігі болмайтынын қадап айтқан-тын. «Ұйғыр ауданының атауын өзгерту туралы мәселе көтерілген жоқ, әзірге көтерілмейді де. Бұған байланысты қазір бірталай мәселе бар, болашақта мүмкін көтеріліп қалар. Бірақ дәл қазір ондай мәселе жоқ», - деп мәлім еткен. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары