Наурыз айында Қазақстандағы пәтер нарығында бағалардың құлдырауы айтарлықтай байқалды деп жазады "Крыша" порталы. Сарапшылардың айтуынша, баспана бағасының арзандау қарқыны 2-3 есеге дейін жеткен.
Мәселен, биыл ақпан айында Астанадағы пәтерлердің 1 шаршы метрінің құны орта есеппен 398 мың теңгені құрап келсе, наурызда бұл көрсеткіш 372 мың теңгеге төмендеген.
"Алматыдағы құлдырау көрсеткіші бұдан да жоғары. Наурыз айында мұндағы 1 шаршы метрдің бағасы 9,5 пайызға дейін арзандаған, яғни бұрынғы 446 мың теңгені құраған шаршы метр қазір 403,5 мың теңге тұрады. Айырмашылық - 42 202 теңге" делінген сарапшылардың талдау мақаласында.
Үйлердің долларға шаққандағы бағалары да айтарлықтай арзандағанын аңғаруға болады. Шартты бірліктегі бір шаршы метрдің орташа бағасы Астанада - 1110 (-31 доллар), Алматыда 1171 (-73 доллар) долларды құрап отыр.