Қарағанды қаласын абаттандыру бағдарламасына биыл шеткі көшелердің ешқайсысы енбеген. Яғни, жол бойынан жырақта тұрған үйлер жөнделмейді. Қазына қаржысы тек орталықта орналасқан баспаналарға ғана берілмек. Бұған наразы болған Майқұдық ауданының тұрғындары жергілікті биліктен жәрдем сұрап отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» телеарнасы.
Магнитогорск көшесіндегі 23-үй осыдан тура 70 жыл бұрын салынған. Содан бері бір де бір рет күрделі жөнделмепті. Салдарынан қабырғасы сөгіліп, сылағы түсіп жатыр.
«Біздің баспанамыз биыл тағы да қаланы абаттандыру бағдарламасына енбей қалды. Осыдан 10 жыл бұрын шамалы жөндеген. Ескі үй болған соң тоза береді», - дейді Татьяна Котлярова атты тұрғын.
Әбден тозығы жеткен үйдің тұрғындары жергілікті биліктен көмек сұрап, хат жазған. Бірақ, ешқандай ресми жауап келмепті. Ал биыл қалада жергілікті бюджет есебінен 212 үйдің шатыры жаңартылып, қабырғасы жөнделмек.
«Егер біздің үйіміз жол бойында орналаспаса, көзге бірден ілікпесе, бағдарламадан қағыла беруі керек пе? Біздің де жақсы баспанада тұрғымыз келеді. Үй қирап жатыр», - деп шырылдауда келесі тұрғын Наталья Садырова.
Өкінішке қарай, қаланы абаттандыру бағдарламасына тек орталық көшелердегі үйлер ғана енген. Қалғандары ескерусіз қалып отыр. Бір қызығы, халық арасында «алтын квадрат» аталып кеткен бұл баспаналарға бюджеттен әр жыл сайын қаржы қарастырылады.
«Біз Ленин көшесіндегі көпқабатты үйдің бірінің шатырын осыдан 5 жыл бұрын ауыстырғанбыз. Бірақ, сонда да жаңбырдан соң су ағатынын айтып, тұрғындар шағымданды. Оны қалпына келтіру үшін биыл тағы қаржы бөлдік», - деп отыр Қарағанды қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің маманы Дәулет Маханов.
Ал қала шетіндегі көпқабатты үйлердің тұрғындарына әзірге жөндеу жұмыстарын өз есебінен жүргізуге тура келеді. Себебі, барлығын қамтуға қазынада ақша жоқ дейді билік басындағылар. Яғни, кеткен қаржыны бірнеше жыл ішінде қайтаруы тиіс.