Алматыдағы Әбліхан Қастеев атындағы өнер мұражайының ауласында тұрған мүсінші Шоқан Төлештің «Абыз ата» деп аталатын мүсінін әлеуметтік желі қолданушылары Абай Құнанбайұлының бейнесіне ұқсатып, оның арты дауға ұласқан болатын. Ал мүсіншінің қызы Бөтагөз Төлеш пен мұражай әкімшілігі оның Абайға еш қатысы жоқтығын айтса да, жұрт жаңсақ ақпаратты талқылауын әлі қоймаған. Сол себепті, Алматы қаласының әкімдігі мұражай ауласындағы мүсінді шүберекпен бүркеп тастаған деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы, arasha.kz сайтындағы мақалаларды негізге ала отырып.
Басынан бастасақ, әлеуметтік желілерде Абай бейнесі деп тарап кеткен ол мүсін – мүсінші Шоқан Төлештің «Қария» немесе «Абыз ата» деп аталатын жұмысы. Ол туралы arasha.kz редакциясына мүсіншінің қызы Ботагөз Төлеш хабарласып, егжей-тегжейлі баяндап берген.
«Бұл мүсін – әкемнің 1998 жылы жасаған жұмысы. Мүсінде қазақ аңыз-әпсанасындағы үлкен ақыл иесі, данышпан абыздардың типтік образы мүсінделген. Абай Құнанбайұлына ешқандай қатысты жоқ. Оның эскизінде де, басқа құжаттарда да мүсіннің атауы жазылған. Әкем қазір Кипрде шығармашылық жұмыспен айналысып жүр», – депті сонда Ботагөз Шоқанқызы.
Дегенмен Шоқан Төлештің Абай Құнанбайұлына арналған жұмысы да бар. Қызының айтуынша, Ахметжан Есімов Алматы қаласының әкімі болып тұрған жылдары Францияның Ренн қаласында Абай Құнанбайұлына ескерткіш қоюға конкурс жарияланыпты. Соған Шоқан Төлештің де жұмысы қатысқан.
Сонымен не керек, жұрттың сөзіне қалған «Абыз ата» мүсіні қазір «тас бүркеніп алды».
Еске сала кетсек, Шоқан Төлеш – суретшілер Одағының басқарма мүшесі, өнер академиясының академигі, республикалық және халықаралық көрмелердің қатысушысы. Бір қызығы, автордың танымал жұмыстарының қатарында Алматының монументалды-мүсіндік композициясындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші де бар.
Осы орайда, желі қолданушылардың бірі Айдана Сегізбаева facebook парақшасына Абай Құнанбайұлының қазір жасалып жатқан мүсінінің суретін жариялады.
«Кешегі шу шығарған екі ескерткіш жасаушыларына айтарым: #УЧИТЕСЬ #ҮЛГІАЛЫҢДАР», - деп ол да өз кезегінде «Абыз ата» мүсінін Абайдікі деген емеурін танытқан.