Алматыдағы құрылыс нысандарында жұмыс күші жеткіліксіз. Соның салдарынан құрылыс бәсеңдеп қалған. Соның бірі – Түріксіб ауданындағы әскери бөлім, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Бір ай бұрын басталған жөндеу жұмыстары әлі аяқталатын емес. Қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы 35 адам жұмысқа алынған. Тағы 18 жұмысшы қажет. Жоспарға сәйкес, жөндеу жұмыстары қараша айында аяқталуы тиіс. Жөндеу жұмыстарына 270 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Мердігер компанияның мәліметінше, олар құрылысқа қажетті материалдардың 90 пайызын отандық өндірушілерден алып отыр.
«Құрылыс материалдарының барлығын келісім жасап, сатып алып жатырмыз. Соның ішінде шет елден келетін тек ағаш материалдары. Қалғанының барлығы – біздің қазақстандық өндірушілердің тауарлары», - дейді құрылыс компаниясының директоры Мұхамбетәли Мамамбаев.
Сондай ақ, бүгін «Nur Otan» партиялық бақылау тобы аудандағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында болып, құрылысымен танысты. Онда 51 млн теңгенің жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Интернатта жаңа үлгідегі жатын бөлмелер мен сауықтыру орындары және спорттық алаң жасалады. Жоспар бойынша, нысан бір айдан кейін тапсырылуы тиіс. Жалпы, ауданда осындай 39 құрылыс нысаны партиялық бақылауда.
«Бүгін тексерілген құрылыс нысандарында бірқатар кемшілікті анықтадық. Мысалы, мердігерлер әртүрлі себептермен белгіленген мерзімнен кешігіп жатыр. Оған қоса, құрылыс материалдарының бірқатарында отандық өнім туралы құжаты толық болмай шықты. Кемшіліктер алдағы уақытта түзетіледі», - дейді қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының бас маманы Айбол Бөбетай.
Айта кетейік, қалада «Жұмыспен қамту» Жол картасы аясында 200 құрылыс нысаны бақылауға алынған. Дағдарысқа қарсы жоспар бойынша, онда тек қазақ азаматтары жұмыс істеп, отандық құрылыс материалдары ғана пайдаланылуы керек.