$ 494.87  520.65  4.91

Қарағандыда мемлекеттік бағдарламамен берілген 10 көпқабатты үйге шатырынан су кіруде

Шатыр жаңалаймыз деп, ескісіне де зар болып қалған тұрғындар енді құрылыс компаниясымен қоса, жергілікті әкімдік те жауап берсін деп отыр.
фото: 24.kz
фото: 24.kz

Қарағандыда 10 бірдей көпқабатты үйдің тұрғындары мемлекеттік бағдарламаға іліккеніне қуанудың орнына, қайғырып отыр. Өйткені, құрылысшылар жөндемек болып, үйдің шатырын ашып тастап, сол күйі қайта жаппаған. Жұрт енді жаңбыр жауған сайын соның зардабын тартуда, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Шатыр жаңалаймыз деп, ескісіне де зар болып қалған тұрғындар енді құрылыс компаниясымен қоса, жергілікті әкімдік те жауап берсін деп отыр. «Әкімдіктен шатыр жөндеген. Халыққа! Барлығы халықтың игілігіне! Тек рақмет айтудан басқа амал жоқ», - деп күйінуде олар.

Көпқабатты үйдегі пәтерлерде тұрғындар электр сымынан қорқып, төбеден сорғалаған суды қараңғы түскенше сорғытып тастаумен әлек. Ал таңертең ағыл-тегіл аққан судан оянады екен.

«Мен үйдің ішінде, күйеуім төбеге шығып жинады. Ол 60 шелек су төккен. Бізге «Әне-міне, шатырды жабамыз, шыдай тұрыңыздар, енді бір апта», - дейді. Міне, үш күн толассыз жауын жауып тұр. Бір аптада қандай күйге түсеміз?!» - дейді қала тұрғыны Ирина Мофа.

Мемлекеттік бағдарламамен жөнделуі тиіс аула мен шатыр мәселесі осылайша бітпес дауға айналған. Негізі бұл көпқабатты 30 үй осымен екінші рет тегін, мемлекет қаржысына жөнделіп отыр. Қала әкімдігімен көршілес тұрған шағын ауданды шенеуніктер сәнді қалпында көргісі келетін сияқты.

«Артық қылам деп тыртық қылды» деген – осы. Олардан жөндеп бер деп сұрамап едік. Өзіміз жеке-жеке үстіміздегі шатырды жөндеп алатынбыз. Олар жоба бойынша бір үлгіде істегісі келген ғой. Бірақ, істей алмаса, несіне қолға алды?» - дейді келесі тұрғын Виктория Ким.

Кейбір үйдің шатыры бір ай бұрын алынған. Осы уақытта құрылысшылар целлофан әкеп жауыпты. Одан да пайда болмаған. Ал әкімдіктегілер құрылыс материалдарының жеткізілмей жатқанын айтып ақталды. Сондай-ақ, тұрғындар шығынын жабуға мердігерді міндеттемек.

«Мердігер компанияның кесірінен келген шығын болса, орнын толтырады. Жөнделген пәтер болса, бүлінген жерін жөндеуі тиіс. Тіпті, тартпалы төбесін де қалпына келтіруін талап етеміз. Түскен сылағын да сылап береді», - деп уәде етіп отыр Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары Саят Қарамендинов.

Тағы оқи отырыңыз: Қарағандыда 70 жыл бойы жөнделмей, қабырғасы сөгіліп жатқан үйдің тұрғындары шу көтерді

«Мердігер компания кемшіліктердің бәрін ретке келтіруге дайын» деп сендірді ол. Бірақ, жұмыс аяқталған соң. Шатырсыз қалған тұрғындар енді күн суытпай, тым болмаса, төбеміз жабылса деп тілейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары