Халық арасында «Үкілі бала» лақап атымен танымал жас емші Ерболсын Серікбаев qamshy.kz порталына сұхбат берген екен. Бүгінде Ақтөбе қаласында тұратын ол, онда медицина саласы бойынша 3-курсты тәмамдаған, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Еске сала кетсек, емші бала Ербосын жұртты 10 жасынан бастап емдеген. «Жалпы, бұл кәсіп – іш пысқанда айналысатын дүние емес, менің өмірлік жұмысым» деген ол, өзін ерекше қабілетті адам санамайды. Алайда, әртүрлі диагнозбен келген адамдарды емдеуге 5 немесе 15 күндей уақытын сарп ете жүріп, жазып шығатын көрінеді.
«Менің алдыма ауырып келген адамды емдеп жібергеннен кейін ол екінші рет ауырып келмейді. Мәселен, көзі -5 болып келген адамдар болды. Мен оларға 1 айдың ішінде -3,5/3-ке дейін көзінің көріп кетуіне ықпал жасадым», - дейді өзі.
Бір қызығы, «үкілі бала» 70-тен жоғары жастағыларды мүлде қабылдамайды екен. Себебі, олардың организмі қартайып, шаршаған. Сондай-ақ, туберкулез, обыр сынды күрделі сырқаттар меңдеген науқастарды да емдеу қолынан келмейтінін жасырмаған.
Ол өзінің 9 жылдық емшілік тәжірибесінің арқасында материалдық жағдайын да жақсартып алыпты.
«Мендегі ең елеулі өзгеріс – атақ-даңқ. Көптеген адам жұмысымды бағалап, көрген жерде өзінің оң көзқарасын білдіріп, сыйлап жатады. Көбіне емдеу жағынан ұсыныстар Алматы, Нұр-Сұлтан және Қостанай қалаларынан түседі. Сондай-ақ, Мәскеу, Орынбор, Петербор сынды қалалардан да шақыртуды жиі аламын.
Осылайша, әртүрлі адамдарды қабылдап, аяқтан тұрып кетуіне септігімді тигіземін. Шыны керек, Қазақстан халқынан гөрі, шет елдегі азаматтар емдік қасиетімді жоғары бағалайды. Сондай-ақ, жомарттық танытып, үй тарту еткен адамдар да болды. Аллаға шүкір, қазіргі уақытта қалада 2 үйім, 1 коттеджім және 2 темір тұлпарым бар. Оның бәрі де бірінші Алланың, кейін осы еңбегімді бағалап жатқан адамдардың арқасы. Мұның бәрі – неше жылдан бері жасап келе жатқан маңдай тер мен жұмыстың нәтижесі», - дейді емші.
Сөз соңында ол коронавирус туралы ештеңе айтқысы келмейтінін және бұл індетпен ауырып жатқан науқастарды қабылдамайтынын да айтқан.