01.07.2020, 04:55

Ақтөбеде «ауруханадан күніне 50-60 мәйіт шығатынын» таратқан адам іздестіріліп жатыр

фото: informburo.kz
Жалған ақпарат таратқаны үшін Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Ақтөбе облыстық Полиция департаменті басшысының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов тубдиспансерде күніне 50-60 науқас қайтыс болып жатыр деген хабарламаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Әлеуметтік желілерді бақылау барысында WhatsApp мессенжерінде күн сайын туберкулез ауруханасынан 50-60 мәйіт шығатыны туралы ақпарат таратылғаны анықталды. Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Хабарлама авторын анықтау мақсатында іс-шаралар жүргізіліп жатыр», - деді Қанат Нұрмағамбетов.

Департаменттегілер жалған ақпарат тез тарайтынын, салдарынан үрей туғызып, халыққа психологиялық зақым келтіретінін айтады.

«Жалған ақпарат таратқаны үшін Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Осы бап бойынша шындыққа сәйкес келмейтін интернет-ресурстар, әлеуметтік желілердегі ақпарат авторлары мен таратушылар жауапқа тартылады», - деді Ақтөбе облыстық Полиция департаменті басшысының орынбасары.