03.07.2020, 00:10

Елордада дәмхана қожайыны шетелдік азаматтың еңбекақысын бермей жүр

фото: видеодан скриншот
Шетелдік азаматтың айтуынша, жұмыс беруші оның құжаттарын алып қойған.

Өзбекстан азаматы жалақысы мен құжатын ала алмай зар илеп жүр. Еңбекақысы тұрмақ, құжатынан айрылған ол еліне қайтуды армандайды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Самат Тұрақұловтың Қазақстанға келгеніне 1 жылдан асыпты. Елордадағы шағын дәмханаға жұмысқа орналасқан. Еңбек ақысын бұған дейін уақытылы алып жүрген ол соңғы айда айлығынан қағылыпты.

«Бір жылдан бері осы жерде жұмыс істеймін. Бастығым айлығымды бермей қойды. 5 шілдеде тіркеу мерзімім аяқталады. Сондықтан елге тезірек жетуді қалаймын. Алайда, не құжатым, не айлығым жоқ. Пәтерақымды да төлей алмай отырмын», - дейді Самат Тұрақұлов.

Түсірілім тобы ашынған шетелдіктің шашбауын көтеріп, дәмхана басшылығына барған. Олар есігін бекітіп, жауап беруден бас тартыпты. Десе де, жұмысында жоқ мекеме басшысы ұялы телефон арқылы жауап берген. Әуелде 10 күннен соң айлығын беруге келіскен директор сөзінен танып, басқаша жауап қатты.

«Жауапты өзінен сұраңдар, менен несін сұрайсыңдар? Ақша қарыз болсам, документальный әкелсін. Көрсетіңдер! Жоқтан-жоқ жала жауып жатқан шығар», - дейді дәмхана басшысы Заман Қожа.

Шетелдік азаматтың айтуынша, жұмыс беруші оның құжаттарын алып қойған. Сондықтан осылай жауап беріп отырған көрінеді. Амалы таусылған ол жергілікті полицияға арызданыпты. Алайда, құқық қорғаушылар тексеріске біраз уақыт кететінін айтқан. Редакция ұжымы дәл осындай мәселемен өткен аптада да айналысқан еді. Ол кезде мемлекеттік еңбек инспекторы Мақсат Дүйсенов құқығы бұзылғын кез келген азаматқа көмек көрсететінін жеткізген.

«Бізге ең алдымен жұмыскерлерден арыз келеді. Құқығының бұзылуы, жалақының толық төленбеуі немесе кешіктірілуі, негізсіз жұмыстан шығарып жіберу мәселелері бойынша арыз түседі. Сол арыз бойынша тексеріске шығамыз», - дейді ол.

Құжатынан айрылған жігіт енді қайда барарын білмей дал. Соңғы үміті – Мемлекеттік еңбек инспекциясында.