Белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайұлы елдегі қалыптасып отырған пандемиялық ахуалға налып тағы жазба жариялады. Ол бұл жолы ел басына туған шақта халқының болашағы үшін Дінмұхамед Қонаев атамыз секілді жанкештілікпен, шынайы уайыммен, жауапкершілікпен күресе білетін ұл болмай тұрғанына күйінген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Дінтанушы facebook парақшасында Д. Қонаев атамыздың 1973 жылы шілде айында болған алапат сел кезінде өзін қауіпсіз жерге апармақшы болған протоколды тыңдамай Медеу су бөгетінің үстінде ары-бері жүріп, «бөгет шыдас бермесе, Алматыны су басады, халық қырылады. Онда менің тірі жүргенімнен не пайда?!» - деп сел қаупі кеткенге дейін сары уайымға салынып, халқына амандық тілеп су бөгетінің үстінде болғанын жазған.
Оның айтуынша, қазіргі жағдай да дәл соған ұқсас. «Қазір де қауіпті вирустың селі халықтың өмірін қауіпке тіреді. Емханда орын жоқ. Халық қандай аурумен ауырып жатқанын да біле алмай күмәнға қамалды. Өйткені тест тапсырып, нәтижесін дер кезінде білу мүмкіншілігі жоқ. Халық үйінде өздігімен ем-дом жасап жатыр. Сол ем-домның өзіне керек дәрі-дәрмек дәріханада жоқ. Жасы егде тартқан кісілер, тіпті аздап денсаулығында кінәрат бар жастар да ажал құшуда.
Қазір жауапты әр басшы Димекеңдей жанкештікпен, шынайы уайыммен, жауапкершілікпен әр бір адамның өмірі үшін күресуі керек. Өтірік есепті, жалған статистиканы доғару керек. Қажетті дәрі-дәрмек Қазақстанда жоқ болса, шұғыл түрде алыс- жақын елдерден ұшақпен алдырту керек. Тендер ұйымдастырамын дегенше көп уақыт жоғалтып аламыз. Тездету керек», - деп Димекеңдей бір арыстың болмай тұрғанына қынжылыс білдірген.
Сонымен қатар, ынсапсыздық пен қараңғылықтың арты жазасыз қалмайтынын айтқан. «Жемқорлықтың, жауапсыздықтың, сауатсыздықтың салдарынан көз жұмған әр адамның обалы жауапсыз қалмайды. Бұл дүниеде болмаса да, ана дүниеде!», - деп жазады дінтанушы өзінің facebook парақшасында.