Бас-аяғы екі күннің ішінде 15 адам қолдан жасалған арақтан уланып қайтыс болды. Күні кеше ғана Арқалық қаласында этанолдан уланып 11 адам көз жұмғаны белгілі. Ол аздай сол аралықта Ақмола облысында тағы 4 адамның қаза тапқаны белгілі болып отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Azattyq Rýhy сайтының хабарлауынша, бұларға да арақтан уланды деген диагноз қойылған. «Қостанай облысының Арқалық қаласында 3-4 шілде күндері «этанолдың уытты әсері» диагнозымен 13 адам жансақтау бөліміне жеткізіліп, кейін олардың 11-і қайтыс болған. Осы уақытта Ақмола облысы Жақсы ауданының Жаңа-Қима кентінде 4 адам көз жұмған. Өлімнің болжамды себебі - жалпы уыттану салдарынан пайда болған геморрагиялық панкреатит», - деп хабарлаған Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Оқи отырыңыз: Арқалықта бірнеше адам этанолдан уланып, 11 адам көз жұмды
Министрлік өкілдерінің хабарлауынша, қаза болғандардың 5 литрлік пластикалық бөтелкелерге құйылған алкоголь өнімінен уланғаны анықталды. Тергеу барысында 4 шілде күні Ақмола облысында құймалы спирттік ішімдік шығаратын цех анықталды. Полиция қызметкерлері үш күдіктіні анықтап, ұстады. Олардан сатуға дайындалған өнімнің бір бөлігі тәркіленді. Алайда күдіктілер өнімнің басым бөлігінін сатып үлгерген.
Сол секілді 11 адамның қазасынан кейін Арқалық қаласында да тексеру болған. Нәтижесінде қаладағы 4 дүңгіршектен 46 литр қолдан жасалған ішімдік тәркіленген. Алайда бұл кәсіпкер де спирттік ішімдіктің едәуір бөлігін сатып жібергенін мойындаған.