Жұртты азан-қазан қылған кешегі отшашуға қатысты Алтай Көлгіновтың қызметкерлері түсініктеме беріпті. Олардың айтуынша, бұл отшашудың қала күніне еш қатысы жоқ. Жыл басында-ақ жоспарланып, сатылып алынып қойылған дүние. Соны босқа шірітіп далада қалдырмайық деп дәрігерлердің көңіл-күйін көтеру үшін үйіп қойып тарсылдатып ата салған.
Дұрыс қой, әрине! Бірақ желі қолданушылары көңіл көтеудің басқаша да жолдары бар бар еді ғой деп өз ойларын білдірген. Қоғам белсендісі Шыңғыс Мұқан дәрігерлерге тарсылдақтан гөрі жалақы маңыздырақ болар еді деп санайтынын айтқан. «Негізі бар ғой, әңгіме тіпті отшашуда емес. Астана қаласының әкімдігі «дәрігерлердің рухын көтерейік» деп едік депті. Рухын көтергілерің келсе, айлығын көтеріңдер, баспана беріңдер, біліктілігін көтеруге ақша бөліңдер, дәрі-дәрмекті дер кезінде жеткізіп беріңдер.
Сонымен бірге, «қаңтар айында жоспарланған» депті. Сонда қаңтарда, осы бар ғой, дәл қазір дәрігерлер вирусқа қарсы соғысып, азап шегетінін қайдан білген?.. Бос сөз. Оттапты. Сасқан үйрек артымен сүңгидінің кері.
Біздің елде төменнен жоғарыға хабар жеткізетін дәстүр жоқ. Біздің елде шешім шығаруға қатысы бар шенділерде барды бар, жоқты жоқ деп айтатын батылдық жоқ. Біздің елде кешірім сұрау мәдениеті жоқ. Отшашу - билік пен халықтың арасы қаншалықты алшақтап кеткенінің, билік халықты тыңдамайтынының («еститін мемлекет» деген өтірік дақпырт әдірем қалсын), жанашырлықтан жұрдай екенінің белгісі, симптомы, симптомы емес, синдромы», - деп жазған парақшасында.
Сол секілді ақын Ақберен Елгезек те Көлгінов командасының бұл тірлігін сасқан үйректің ісіне теңеген.
«Ал, этика қайда қалды сонда?!
Дәрігерлер үшін деп өтірік ақталмаңдар. Егер дәрігерлердің көңілін көтергілерің келсе, онда жылдың басынан дайындаған отшашуларыңды неге 21 маусымда (медиктер күнінде) атпадыңдар?! Халықтың көңіл-күйін көтергіміз келді дейді. Сасқан үйрек артымен жүзеді деген осы. Жұрт қырылып жатқанда, көңіл көтермейді, қара жамылып отырған үйге көңіл айтады. Тым құрығанда жыртыңдап күліп, селкілдеп билеп, фейерверк атып ерсі қылық көрсетпейді.
Бұл қарапайым мәдениет, бұл қарапайым этиканың талаптары. Ұлт элитасы жиналған деп есептелетін біздің билікте осындай қарапайым таным-түсінік, биік адами принциптер жоқ болса, өз күнін өзі көріп, зарлауға да шамасы қалмаған қоғамнан не талап етуге болады? Мұндай түрде ақталған шенеуніктердің интеллектуалдық әлеуетіне күмәнмен қарай бастадым. Құрығанда мына мәтіндерді жоғары жақта отырған идеологтарға бір көрсетіп алмадыңдар ма?!», - дейді .
Журналист Нұргелді Әбдіғанидың жазбасы тіптен сойқан.
«Дәл қазір, Астана жұрты отшашу көруге мұқтаж ба? Жоқ! Дәріханаларда дәрі-дәрмек, ауруханаларда маман жетіспей жатқан алағай да бұлағай кезеңде, Көлгінов қоғамдық пікірмен, ел ішіндегі күрделі жағдаймен санаспай ма? Кешіріңіздер, апам айтатын еді: «Көтінен кері сиген» деп... Көлгіновтің тірлігі осы сипаттамаға дөп келіп отырған соң жаздым.
Алтай Көлгіновке, оның командасына тіпті таң қалдым! Күн сайын қанша адам ковидтен, қаншасы пневмония дегеннен қайтыс болып жатыр. Соның қаншасы Астанада... Қара жамылып, қайғы жұтып отырған қанша адам бар?! Дерт дендеп, тынысы тарылып, әл-дәрменінше өмір үшін жанталасып жатқан қанша мың адам бар? Оған карантин жарияланып, тұрмыс-тіршілігі тұралаған тағы мыңдаған отбасын қосыңыз... Көлгінов қай жетіскеніне отшашу жасамақ? Былайғы күні болса, бір сәрі... Бірдеңе қылып, ақтап алуға болар ма еді... Ал қазіргі жағдайда, отшашуға жұмсалатын ақшаны шын қажет, шын мұқтаж салаға бөлу керек емес пе? Атайын деп отырғандары 10-100 мың теңгенің салюті емес екені де түсінікті. Миллионмен есептеледі...», - деп ойын ашық білдірген.