Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ішкі істер вице-министрі Алексей Калайчиди елордадағы отшашуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Калайчиди мырзаның айтуынша, карантин уақытында отшашу ұйымдастыруға тыйым салынбаған. Сол себепті, Астана күнінде отшашу ұйымдастырғандар мен оны тамашалағандарға қатысты әкімшілік іс қозғалмаған.
«Егер біз бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысын орындамасақ, онда Әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі кодекс бойынша бас дәрігердің қаулысын бұзғаны үшін жауапкершілік бар. Ереже бұзушылық бойынша жеке және заңды тұлғалардың жауапкершілігі қарастырылған басты құжат – бас дәрігердің қаулысы. Қаулыда отшашу ұйымдастыруға тікелей тыйым жоқ», - деді Алексей Калайчиди.
Ол сонымен қатар отшашуды тамашалауға шектеудің де жоқтығын әрі оны тамашалау барысында бірде-бір адамның жазаланбағанын мәлім етті.