09.07.2020, 03:00

«Ел басына қара бұлт үйірілді»: Мұрат Әбенов Денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктерді жіпке тізді

фото: inbusiness.kz
Жаназасын шығарып үлгермей қалғандар да бар.

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың бүгінгі үндеуіне қатысты Ұлттық кеңес мүшесі, қоғам қайраткері Мұрат Әбеновтің пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Strategy2050.kz-ке сілтеме жасап.

Бүгін Мемлекет басшысы әдеттегіден шынайы, ресми емес, халыққа тікелей қарап, жүрекжарды сөздерін жолдады. Шынында, соңғы күндері ел басына қара бұлт үйірілді. Қарттарымызды қазынаға балаған халық едік. Үлкендеріміз шет-шетінен мерт болып жатқаны жанға батады. Соғыс кезеңі сияқты. Кеше немерелердің ортасында отырған қарияларымыз ұзақ ауырмай аттанып кетіп жатыр. Артында қалған балалары арулап жер қойнына тапсыруға қиналуда. Жаназасын шығарып үлгермей қалғандар да бар. Бәріне себеп мына короновирустық эпидемия. Осыны ескерген Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың қайғысына ортақтасып, аза тұту күнін белгіледі, - деді Әбенов.

Ол дәрі-дәрмектің қымбаттауы мен дәріхана сөрелерінен жоғалуына қатысты көзқарасын жеткізді.

"Қазақ қайғы жұтқан адамға көңіл айтып, сабырлыққа шақырады. Енді сабырға келіп, мына пандемияға қарсы нағыз әрекеттер жасайтын кез келгенін айтты Президент. Бүгінгі сөзінде ол Үкіметтегі бірнеше министрлікті қатаң сынға алды. Шынында наурыз айында халықты үйге қамап қойды да, Денсаулық сақтау саласы стационарлар мен дәрі-дәрмек жағын қазіргідей қиын күндерге дайындамады. Ауруханаларда орын жоқ, дәріханаларда дәрі жоқ. Президент дәрі-дәрмектен пайда көремін деп қымбатқа сатып жатқандар міндетті түрде жазаланатынын айтты. Елімізге ПДР тесттерін жасайтын бірнеше компаниялар кіргізілді. Алайда, олардың жұмысы көрінбеді. Өйткені, оларды тексеру жұмыстары айларға созылып кеткен. Қазір Президенттің тікелей араласуымен дәрі-дәрмекке қатысты мәселе шешімін тауып жатыр", - деді Ұлттық сенім кеңесінің мүшесі.     

Мұрат Әбенов жақындарынан айырылған адамдарға көңіл айтып, сабырға шақырды.

Қазір бір-бірімізді кешіретін, бір-бірімізге жанашыр болатын, бірлігіміз сыналатын кезең келді. Бірігуіміз керек, берілмеуіміз керек. Елімізде вирустық аурудың таралуы тоқтаса екен деп тілеймін, - деп қорытындылады қоғам қайраткері.