11.07.2020, 11:00

Айнұр Тұрсынбаеваның үнін «естіген құлақ есебін берді»

фото: tolqyn.kz
Халыққа алғысымыз зор!

Қыз-келіншектерге ақылын айтып жүрген айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева желі арқылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға және Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа үндеу жолдаған еді. Ол үндеуінде  әлеуметтік желі арқылы халықтан жиналған ақшаға 125 жасанды тыныс алу аппаратын сатып алғанын, алайда, оны жеткізу мен таратуда қиындық туындағанын айтқан. Осы орайда, оның үні естір құлаққа жетті, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Сөзі жетер жеріне жеткен Тұрсынбаева іnstagram парақшасы арқылы қуанышты жаңалықты жариялады.  Жазуынша, оның кезек күттірмейтін бастамасы шешімін тапқан.

"Санаулы сағат ішінде біздің жан-айқайымыз президентіміз @tokayev_online -ға дейін жетіп, мәселе оң шешімін тапты. Халықтан жиналған ақшаға алынған оттегі аппараттарын біз өзіміз тарататын болдық", - деді ол желідегі парақшасында.

Тағы оқи отырыңыз: «Қазаққа қастандық жасалды!»: Айнұр Тұрсынбаева биліктен өзіне көмек сұрады

Сондай-ақ діттегенінен қолжеткізген ақын игі істің орындалуына мұрындық болған кісілерге алғыс жаудырды.

"Біздің әлеуметтік желіге жариялаған постқа үнсіз қалмай, бірден мәселені шешуге көмектескен @berikuali , Президент кеңесшісі Тамара Дүйсенова, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға, Сенат Депутаты @dana_nurzhigit, Президент аппаратына, @kudaibergen_kairat-ге, қоғам белсендісі @dinarasatzhan-ға алғысымызды білдіреміз. Ал ең үлкен алғыс - Алладан кейінгі екінші есім халыққа алғысымыз зор! Сіздер болмасаңыздар, сіздер қолдамасаңыздар бұл мәселе мүлдем шешілмейтін еді. 2-3 адамның жанайқайы жетпейтін еді. Тағы бір қуанышты жаңалық - елге 125 емес, 225 аппарат жеткізетін болдық. Қорға тағы да ақша түсуде. Тіпті, ақша жетіп жатса, 500 жіберуге мүмкіндік туды", - деп жағымды жаңалығын жеткізді. 

Естеріңізге сала кетейік, ол Тоқаевқа жолдаған алдыңғы жазбасында: "тірнектеп жинап алған аппараттарымызды Қазақстанға барған соң СК «ФАРМАЦЕВТИКА» («СК-Фармация» - ред.) деген мекеме қабылдап алады екен. Ол мекемеге халық та, халықтан ақша жинаған белсенділер де сенбей отыр!", - деп дабыл қаққан еді.