$ 494.95  525.49  5.05

«Медсақтандыру қорын тарқатып оның қызметін Денсаулық министрлігіне қайтару керек» - сарапшы

Медсақтандыру қорының жылдық табысы 400-500 млрд теңге. Егер осы ақшаны пандемия кезінде тиімді пайдаланғанда, көптеген адамның өмірін сақтап қалар едік.
фото: sputniknews.kz
фото: sputniknews.kz

Білікті экономист, «Талап» зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Dalanews.kz ақпарат агенттігінің жазуынша, Медсақтандыру қорына айына шамамен 35-45 млрд теңге жиналады екен. Бірақ соған қарамастан, ел азаматттары тегін дәрі мен медициналық қызметке қол жеткізе алмай отыр.  

«2017 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жұмысын бастағанда қор басшылығы ел азаматтарына медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға уәде бергені есімізде. Қор әр ай сайын Қазақстан азаматтарынан 35-45 млрд теңге жинап, қоржындарына салып отырды. Соңында не болды? Алыстан мысал іздемей-ақ қояын. Менің отбасым індет тараған кезде бір түйір тегін дәрі мен медициналық қызметке қол жеткізе алмады. Бірақ біздер 2,5 жыл айлығымыздан белгілі көлемде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына үздіксіз аударып келдік», - деп жазған ол өзінің іnstagram парақшасында. 

Маман сонымен қатар Медсақтындыру қорының жұмысына қатысты күдікті жайттар мен  күмәнді сұрақтардың көп екенін айтқан. Мәселен, қор жұмысында ашықтық жоқ. Қанша қаржы түсетіні айтылмайды. 

«ӘМСҚ құрылғалы бері қарапайым халық пен мемлекет қазынасынан қанша қаржы бөлініп, оның қайда сақталғанын ешкім білген жоқ. Қордың жұмысына қатысты ашық есептілік болмады. Қордың сайтында қанша қаржы түскені жайында құрғақ ақпараттан басқа ештеңе таппайсың. Айталық, 2020 жылы қорға ай сайын 35-45 млрд теңге түсіп тұрған, – дейді сарапшы.

Рахым Ошақбаевтың жеке есебі бойынша, қорға тек осы жылдың  өзінде ғана 400-500 млрд теңге қаржы түскен.

«Менің ойымша, қорға тиесілі жарты триллон теңгенің көбесі сөгілмей Ұлттық банкте сақталуы мүмкін. Егер осы ақшаны пандемия кезінде тиімді пайдаланғанда, көптеген адамның өмірін сақтап қалар едік. Жарты триллион теңге 1,2 млрд долларды құрайды. Халыққа қажет кезінде осынша қыруар қаржының ел мүддесіне жарамай есепшотта жатуын қалай түсінуге болады?», – деп атап өткен экономист осы ақшаны дереу мемлекет бюджетіне аударып, коронавируспен күреске қарсы бағыттау керек екенін айтқан.

«Бірінше кезекте бұл ақшаға аса қажет дәрілерді сатып алуымыз керек. Алдағы уақытта тиімсіз жұмыс істеп, жылына 10 млрд теңге шығындап келген медсақтандыру қорын тарқатып, оның қызметін Денсаулық министрлігіне қарасты Медициналық қызметке төлем жасау комитетіне қайтару керек», – деп жазған ол. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары