Денсаулық сақтау министрлігі карантин талаптарын бұзу оқиғалары бойынша есеп берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, 5-14 шілде аралығында бақылаушылар 16 572 нысанды тексеріп шыққан. Соның ішінде 1 617 нысанда тәртіп бұзушылықтар анықталған.
«564 нысан жұмысын өз еркімен тоқтатты. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 425-бабы бойынша 225 хаттама рәсімделді. Ескерту жасалып, айыппұл салынды», - деді Сұлтанғазиев онлайн брифингте.
Ол жабық нысандарда тұрғындар бетперде тақпайтынын, қашықтықты сақтамайтынын атап өтті. Кейбірінде арнайы белгілер орнатылмаған, дене қызуын өлшемейді, дезинфекция жасалмайды.
Мәселен, Ақмола облысында карантинге қарамастан, аумағы 500 шаршы метрден асатын дүкен істеп тұрған. Оның иесіне 638 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
«Ал Қостанай облысындағы нысандардың бірінің қызметкерлері бетперде де, қолғап та кимей жүрген. Антисептик қойылмаған. Сол сияқты, Семейде сауда үйі мен базарға айыппұл салынды.
Тағы оқи отырыңыз: Карантин: елорда тұрғыны 50-ге жуық адамның басын қосып, көңіл көтерген
Сосын қазақстандықтар банкет ұйымдастыруды қоятын емес. Алматыда бір жерде 30 адамдық банкет, тағы бір мейрамханада 100 адам қатысқан үйлену тойы анықталды. Ондай жағдайлар аз емес», - деп атап көрсетті Сұлтанғазиев.