17.07.2020, 06:50

«Тез суып кетеді енді»: Петропавлда «Нұрлы жер» бойынша берілген үйлер шіріп жатыр

«Бізге қазір жарық керек. Үйдің қалған кемшіліктерін өзіміз жөндеп аламыз. Электр қуаты болмаған соң еш шаруа істей алмай отырмыз», - дейді тұрғындар.

Петропавлда «Солнечный-2» шағын ауданының тұрғындары жаңа алған үйіне қоныстана алмай отыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған баспаналарда әлі күнге жарық жоқ. Ал бірнеше жыл қаңырап бос тұрған жер үйлер шіри бастаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Инеш Бейсенбаева – көптен күткен үйіне қоныстана алмай жүрген жандардың бірі. Жыл басында баспанасының кілтін алғанымен, құжаттары әлі күнге дейін рәсімделмеген. Ал бос тұрған үйлер шіри бастаған.

«Бізге қазір жарық керек. Үйдің қалған кемшіліктерін өзіміз жөндеп аламыз. Электр қуаты болмаған соң еш шаруа істей алмай отырмыз. Қазір мұнда бір ғана трансформатор орнатылған. Оның өзі құрылысшылардікі. Соған 14 үй қосылып отыр. Жергілікті билік 2018 жылдан бері құрғақ уәдеге сендіріп келе жатыр», - дейді ол.

Ал қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Серік Сабралин 8 шақырымға кабельді желіні жүргізу керек деп отыр. Сол үшін 500 миллион теңге келесі жылы бөлінеді екен. Алайда, қалалық әкімдік өкілдері мәселені 2018 жылдың соңында шешеміз деп уәде берген. Содан бері екі жыл өтсе де, «баяғы жартас – сол жартас».

«Жарық былай тұрсын, көктемде көшеде аяқ алып жүру мүмкін емес», - деседі тұрғындар. Асфальт төселмегендіктен, көше саз балшыққа айналады.

«Тез суып кетеді енді. Ал кіргенде пол жаман болды. Полды ашып жібергенде, екі команата совсем шіріп кетіпті полдары. Жазғытұрым күшті су басты биыл. Сосын Совет үкіметі кезінде осындай қиылыстарға труба салушы еді ғой, дринажный деп. Сондай труба мұнда жоқ», - дейді «Солнечный-2» ауданының тұрғыны Алмабике Мұқантаева.

Шағын аудандағы құрылыс жұмыстары «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша 2017 жылы басталды. Бұл мақсатқа ел қазынасынан миллиардтап қаржы бөлінді. Әзірге 80-ге жуық үй тұрғызылды. Ал жоспар 200 еді.

«Пәтер жалдап тұрамыз. Мұнда көшкіміз келеді. Қолымызда банк берген қағаздан басқа еш құжат жоқ. Үйдің сапасын көрдіңіздер. Оған көз жұма қарап отырмыз. Өзіміз жасап алуға дайынбыз», - дейді келесі тұрғын Венера Иксанова.

Бұл жолы жауаптылар екі апта уақытта олқылықтың орнын толтырамыз деп сендірді.

«Жарықтандыруды беру бойынша жұмыстар атқарылуда. Екі жұмаға жалғасады ол. 15 күннің ішінде тұрғындарға бұл шағын аудан толық жарыққа қосылатын болады. Ал құжаттарға келетін болсақ, қазіргі таңда құрылыс құжаттарына өзгертулер енгізілуде. Айдың соңына дейін бұл мәселе шешілуі тиіс», - деп отыр қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.

Бұл үйлер негізінен жер кезегінде тұрғандарға берілуі тиіс еді. Алайда, сұраныс болмаған соң, қазір кез келген адам оны рәсімдей алады.