20.07.2020, 05:55

Елорда әкімдігі «түнгі 23.00-ден кейін көшеде жүруге болмайды» деген ақпаратты жоққа шығарды

фото: astana.gov.kz
«Бас санитар дәрігердің қаулысындағы шектеулердің кейбірі қабылданбады. Сағат 23:00-ден соң жаяу жүруге тыйым салу – солардың қатарында», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы.

Кеше елорда тұрғындары мен қала меймандарына түнгі 23.00-ден кейін жаяу жүруге тыйым салынатыны туралы ақпарат тараған болатын. Нақты айтқанда, қаланың бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиеваның қаулысында осындай шара қарастырылғаны айтылған. Алайда, одан кейін қала әкімдігі бұл ақпараттың жалған екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«2020 жылдың 3 шілдесінде жарияланған бұрынғы қаулы ережелері 2020 жылдың 2 тамызына дейін күшінде болады. Бас санитар дәрігердің қаулысындағы шектеулердің кейбірі қабылданбады. Сағат 23:00-ден соң жаяу жүруге тыйым салу – солардың қатарында. Сонымен бірге, қаладағы қоғамдық көліктердің жұмысы әзірге жанданбайды», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаева.

Қаулыға сәйкес, 65 жастан асқан адамдардың қалада және басқа қоғамдық орындарда жүруі шектеліп отыр.