21.07.2020, 02:10

«Елестетудің өзі қорқынышты!»: Баян Мақсатқызы Оралдағы қарттар үйінің былығын әшкереледі (ФОТО)

Менің ойымша, бұл - қылмыс.

 

Танымал продюсер Баян Мақсатқызы Орал қаласындағы қарттар өлімінің күрт өсуіне алаңдаушылық білдірді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ол Instagram-парақшасына Орал қаласы әкімдігі ғимаратының суретін жүктей отырып, әкімдіктің жұмысын "жерден алып, жерге салды".

Оның жазбада көтеріп отырған мәселесі - қарттар үйіндегі қариялардың өлімі.

"Суретте менің туған қалам - Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің ғимараты. Жергілікті билік пен қала жұртшылығынан назарын екі аптаның ішінде 18 қария қайтыс болған қарттар үйіне аударуды сұраймын. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған үйдің басшысы олардың өлімін ауа райының қатты ысып кетуінен деп бөсіп отыр. Тіпті бұлай болған жағдайда да, бұл мекемеге неге салқындататын құрылғы (кондиционер) қондырылмаған? Соның ішінде, ХХІ ғасырда. Мені олардың бюджеттің ақшасын жымқырудан басқа шаруалары жоқ екені таңғалдырмайды, шенеуніктер үшін қарттар да кедергі емес, ойына келгенін жасап, "білген боғын езіп отыр".

Баян Алагөзованың атуынша, қарттар коронавирус пандемиясынан кетіп жатқанға ұқсайды. Ол бұл болжамын осы орталықтың дәрігері болған адамның растайтынын да қоса кетті.

"Қариялардың шарасыздықтан қырылып жатқанына қарап отыра алмаймын, жаныма батып барады. Оларға ешқандай көмек көрсетіліп те жатқан жоқ, - деп шырылдады ол жазбасында. 

Продюсер жазбасының соңында облыстық прокуратурадан дереу қылмыстық іс қозғап, кінәлілерді жазалауды өтінді. 

"Менің ойымша, бұл - қылмыс. Орал қаласының прокуратурасы дереу қарттар үйін тексеруі керек. Былық облыс орталығында болып жатыр, ал аудан орталықтары мен ауылдарда не болып жатқанын елестетудің өзі қорқынышты! Дереу қылмыстық іс қозғап, кінәлілер жазалансын!", - деп ашынды Баян Мақсатқызы.