21.07.2020, 13:00

Ауыл тұрғындарының тағдыры мал дәрігерлерінің қолына табысталды

фото: inform.kz
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой аймақтарда коронавирусты анықтайтын ПТР тестерді жасауға мал дәрігерлерін жұмылдыруды ұсынды.

Бүгін үкімет отырысында баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой аймақтарда коронавирусқа анықтайтын ПТР тестерді жасауға мал дәрігерлерін тартуды ұсынды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Министрдің айтуынша, коронавирусты анықтайтын тестерді мал дәрігерлік зертханаларында жасауға болады.

«Бүгінде тәулігіне 32 мың адамнан коронавирустың бар-жоғын анықтайтын тест алынады. Бұл көрсеткішті тағы 8 мыңға көбейту керек. Ол үшін мал дәрігерлік зертханаларды пайдалануға болады. Олар тәулігіне 5,2 мың тест зерттеуін жасай алады. 1 тамыздан бастап осы мақсатта 67 ветеринар қызметкерін тартқалы отырмыз. Осылайша ауыл шаруашылығы министрлігі зертханаларының арқасында аймақтардағы ПТР тест тапшылығы шешілер еді», – деді А.Цой.

Осылай деген Цой мырза ПТР тест жасау үшін республикалық бюджеттен қосымша ақша бөлуді сұрады. Министрдің есептеуінше, ол үшін 42 миллиард теңге керек екен. Ал ПТР тест жасайтын 67 мал дәрігеріне қосымша 170 миллион теңге керек екен.