$ 494.87  520.65  4.91

Асқар Маминнің арманы орындалатын болды

Ресейдің Қорғаныс министрлігі коронавирусқа қарсы вакцинаның дайын болғанын мәлімдеді. Яғни жаңа вакцинаның клиникалық сынақтары сәтті аяқталған.
фото: sputniknews.kz, pixabay.kz
фото: sputniknews.kz, pixabay.kz

Ресейдің Қорғаныс министрлігі коронавирусқа қарсы вакцинаның дайын болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

РИА Новости ақпарат агенттігінің жазуынша, жаңа вакцинаның клиникалық сынақтары сәтті аяқталған. Әрі бұл препарат екпеден кейінгі қорғаныс қабілетін ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік бермек. Аталмыш дерек көзінің мәліметінше, 20 шілде күні яғни кеше вакцина егуге келіскен еріктілердің екінші тобы сынақтан өткен. Олардың ағзасында иммундық реакция пайда болған, жанама әсер көп байқалмаған. Тек қызулары көтеріліп, бастары ауырған, бірақ бұл белгілер бір күнге ғана созылған. 

«Ерікті түрде екпе салдырғандардың денсаулығына қатысты жағымсыз әсерлер мен асқынулар немесе еріктен тыс реакциялар сынды шағымдар болған жоқ»,– деп хабарлаған әскери ведомство.

Ресейдің тікелей инвестициялар қорының басшысы Кирилл Дмитриевтің сөзінше, препарат тамыз айында тіркеуге алнып, мақұлданбақ. «Содан кейін вакцинаны өндіру жұмыстары басталады. Бұл вакцина иммунизациядан кейін пайда болған қорғаныс қабілетін ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік береді. Барлығы 40-50 миллионға жуық адамға егу жұмыстары жүргізіледі деп отырмыз», - деп атап өткен Кирилл Дмитриев.

Коронавирусқа қарсы препаратты Н.Бурденко атындағы әскери госпитальдің вирусологтары мен Н.Гамалея атындағы Ұлттық микробиология мен эпидемиология зерттеу орталығы бірлесе жасаған. 

Кейбір сарапшылар бұл қорғаныш препараттарының аты ресейлік болғанымен заты өзгенікі болуы мүмкін екенін айтады. Өйткені,  16 шілде күні АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігі (NSA), Британдық Ұлттық киберқауіпсіздік орталығы және Канаданың байланыс қауіпсіздігі агенттігі бастаған үш бірдей барлау агентігі «Ресейдің Cozy Bear хакерлік тобының батыс елдерінің медициналық зертханаларына кибер-шабуыл жасап COVID-19-ға қарсы вакцинаны ұрлауға тырысты» деген мәлімдеме жасаған болатын. Бірақ шабуыл жасағандар деректерді ұрлап үлгерді ме, жоқ па, ол туралы ашық айтылмайды.

Тағы оқи отырыңыз: «Қазақстан Ресейден коронавирусқа қарсы вакцинаны бірінші болып сатып алады» - Асқар Мамин 

Бекболат Тілеухан ақыры «арманына» жетті

Гамалея бағдарламасы аясында жасалып жатқан вакцина әзір батыс елдері арасында бәлендей резонанс тудыра қойған жоқ. Тек Қазақстан ғана елден ерек қызығушылық тудырып отырғанға ұқсайды.

«17 шілдеде Минскіде Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысынан кейін Премьер-министр Асқар Мамин Ресей үкіметінің басшысы Михаил Мишустинмен кездескен болатын. Сол жерде Мамин мырза Қазақстанның Ресейде әзірленіп жатқан коронавирусқа қарсы вакцинаны сынақтан өткізу жұмыстарына ерекше қызығушылық танытып отырғанын әрі вакцинаның өнеркәсіптік өндірісі басталған кезде, алғашқы елдердің бірі сатып алатынын айтқан еді. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары