$ 498.34  519.72  4.85

Елімізде жер әлі сатылымға түспей жатып жайылымға талас басталды

Алматы облысында бір топ малшы жайылымнан айырылып қалмас үшін ауылдың әкімімен айтысып жүр. Жердің заңды иесі бар деген жергілікті билік оларды он жылдан бергі қонысынан қуып жатыр деп мәлімдеді KTK телеарнасы.

Жайылым дауы Ақсеңгір ауылындағы мал өсірген ағайынға қатты батып отыр. Он жылдан аса ата кәсібін жүргізіп отырса, аяқ астынан жердің заңды иесімін деген біреу полиция өкілдерімен келіп, көшуін талап етіпті. Неше жыл отырып, қонысын өз атына заңдастыра алмаған шопандарға бұл төбеден жай түскендей болды.

Ауыл тұрғыны Бақытхан Әлдибекованың айтуынша, шопандар әуел баста осы жерді мемлекеттен жалға алмақ болған көрінеді. Алайда, шенеуніктер жайылымның ауыл тұрғындарына ортақ екенін айтып, бермей қойған. Енді араға бірер жыл салып әкімдіктің 6 мың га жерді кәсіпкерлерге ұзақ мерзімге беріп жібергендігі анықталып отыр. Ал, ауылға жақында ғана ауысып келген әкім бұл дау үшін тұрғындарды кінәлайды. Отырған жерінен көшіріп, басқа қонысқа ауыстырайын десе, өздері бармай отыр екен.

Әлімхан Қосбасаров, Ақсеңгір ауылының әкімі:

- «Жиренайғыр» ЖШС-нің жеріне отырып үйреніп қалған ғой. Сол жерден кеткілері келмейді. Ал, ол кісілер жерін игеруге міндетті. Игереміз деп жатыр. Егін салып жатыр, малын өсіргелі жатыр.

Қалай болғанда да жер дауының жақын арада бітпейтін түрі бар. Өйткені, жердің иесі оны пайдаға асырмаса, мемлекетке айыппұл төлеп, қайтарып беруі керек. Ал өз орнымыздан көшпейміз деген малшылар полиция енді келсе олармен жаға жыртысуға дайын отыр. 

Амангүл Саяхат, Ақсеңгір ауылының тұрғыны:

-Біз он шақты отбасы сол жерде фазенда салып отырмыз. Полициямен қорқытып, біздің шабандарымызға жәбір көрсетіп жатыр.  3  күннің ішінде көшпесеңдер басқаша сөйлесеміз депті. Білмеймін енді, басқаша сөйлесіп не істей алады? Біз өлсек те көшпейміз ол жерден.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары