Қостанайлық Айсұлу Бәйтенова әлеуметтік желіде бұрынғы күйеуінен бірнеше жылдан бері жәбір көріп, өзін қорқытып келе жатқанын айтып көмек сұрады. Аталған видеоға ішкі істер министрлігі жауап берді.
Айсұлу Бәйтенова Қостанай облысы Қарабалық кентінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеген. 2016 жылы ажырасып кеткен соң, күйеуі оған қоқан-лоққы көрсетіп жұмыстан шығуына тура келген. Содан ол жұмысын көрші ауданға ауыстырған. Қазіргі уақытта ол жаңа жұмыс орнына бұрынғы күйеуі іздеп келеді ме деп қорқады.
– Мен бұрынғы күйеуіммен 2016 жылы ажырастым. Ол мені ұратын. Соңғы рет мені ұрған кезінде полицияға арыздандым. Арыз жазғаннан кейін бұрынғы күйеуімнің тәтесі хабарласып, өзінің үйіне мені шақырды. Ол менен арызымды қайтарып алуды талап етті. егер де қайтарып алмасам: "жұмыстан шығарып жіберемін", "дипломмен ауылға бағдарламасы арқылы алған пәтеріңді тартып аламын" деп қорқытты. Ол кісі М.А. Сапарова газет редакторы болып жұмыс жасағандықтан, ол жерде онымен ешкім байланыспайды. Содан амал жоқ мен өз арызымды қайтарып алдым.
Енді менің басқа баратын жерім жоқ. Ол бетіме "кислота" шашып кетемін деп қорқытады. Маған тыныш өмір сүруге мүмкіндік бермей отыр. Жұмыстан келе жатқанда үйге кіруге, бір жерге баруға қорқамын. Болып жатқан оқиғалардан баламның психикасы бұзылды. Енді Қарабалық кентінен басқа мектепке жұмысқа орналасқым келеді, бірақ ол осы жаққа да іздеп келеді деп қорқамын, – деді Айсұлу Бәйтенова.
Әлеуметтік желіде тараған видеоға ішкі істер министрлігі жауап берді.
"Іс Қарабалық ауданының полиция бөліміне тіркелді. Видеода айтқан деректерлерге тексеру жұмыстары жүргізіледі, нәтижесі хабарланады. Сонымен қатар бұрынғы ерлі-зайыптылар арасындағы қақтығыс ауданның тиісті органдарының назарында" делінген министрлік таратқан хабарламада.
Ішкі істер министрлігі Қостанай облысы полиция департаменті басшылығының бұл өтінішті бақылауға алғанын хабарлады.