Респубикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің баспасөз хатшысы Айдос Имантай құрбандыққа шалынатын қой бағасына қатысты жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, осыдан бірер күн бұрын Нұр-Сұлтан қаласында «Құрбан шалу рәсімін ұйымдастыру шаралары» атты баспасөз брифингі өткен еді. Брифинг барысында Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Ерболат Жүсіповке qurban2020.kz сайтында елорда бойынша қойдың бағасы неліктен 50 мың теңге деп бекітілгені жайлы сауал қойылды.
Елорданың бас имамы бұл сұраққа жауап бере келе: «Малға қойылатын талаптар бар. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қойдың бағасы 50 мың, ірі қараны 350 мың деп бердік. Бұл жерде қойдың жасына назар аудару керек. 6 айға жетпеген, арықтау тоқтылардың өзін 35-40 мыңға алуларыңыз мүмкін. Бірақ, қой мен ешкі 1 жасар болуы керек. Ал 1 жасар қойдың бағасы үшін 50 мың – өте жақсы баға», – деп атап өтті.
«Кейіннен әлеуметтік желі беттерінде және кейбір портал журналистері бұл әңгімені іліп әкетіп, түсінікті тілде айтылған сөздің астарын айналдырып, «Арзан қойды Құдай да қабылдамайтын болғаны ма?», «Құрбандыққа бір жасар қой ғана жарайды деген талап орынды ма?» деген сынды әңгімелерді жариялап жіберді. Осыған қарай, брифингте айтылған мәлімдемені тағы бір мәрте тарқатып айтуды жөн санап отырмыз», - деді Айдос Имантай.
Оның сөзіне қарағанда, Ерболат Жүсіпов сөзінде елорда базарларындағы мал бағасынан хабардар екенін аңғартып, 35-40 мың теңгеге жасы алты айға жетпеген, арықтау тоқты ғана сатып ала алуға болатынын ескертіп, көрермендерге шариғат талабы бойынша құрбандыққа шалынатын қой мен ешкі түлігінің бір жасқа жеткен болу керектігін еске салды.
Осы себепті, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы: «Бір жасқа толмаған қойлар құрбандықтың орнына жүрмей қалуы мүмкін» деп, базардағы арық тоқтылардың шариғат талабына сай келмейтінін айтып сақтандырған болатын.
«Бұл – Ерболат Жүсіповтің немесе басқа бір дін қызметкерінің ойдан шығарған үкімі емес. Ислам шариғатының талабы – осы. Қой мен ешкі бір жасқа жету керек. Үлкендігі бір жасар қойға ұқсас алты айға толған семіз әрі ірі қойды да құрбандыққа шалуға рұқсат етіледі. Ал ірі қара екі жасқа, түйе бес жасқа толуы шарт.
Мінекей, осы айтылған пәтуаға орай, Ерболат Жүсіпов дәл қазіргі елорда базарларындағы мал бағасын сараптай келе, 35-40 мың теңгеге алты айға толмаған, арық тоқты ғана келетінін ескертті. Ол тоқтылардың құрбандық орнына жүрмей қалуы мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ, бұл баға тек елорда тұрғындары үшін екенін ескерте кетейік, qurban2020.kz сайтында еліміздің әр өңірлеріндегі мал бағасы да әртүрлі көрсетілген.
Осы ретте тағы бір айта кетер жайт, биылғы карантин режиміне сәйкес ҚМДБ «Зекет» қорының ұйымдастыруымен жүзеге асып отырған «Өкілдік (онлайн) құрбан шалу» жобасы аясында ҚМДБ мал бағасын реттеуге араласпайды», - деді баспасөз хатшысы.
Сондай-ақ, ол ал бағасы жергілікті нарық бағасымен көрсетілгендігін айтады. Тапсырыс берушіден түскен қаражат мал иесіне, яғни сатушыға тікелей беріледі. Өйткені, бұл делдалдық қызмет емес. Көрсетілген сомаға қасапшының қызметі ғана кіреді.
Ал құрбандық етін бөлшектеп, мұқтаж жандарға тарату сынды барлық ұйымдастыру жұмыстары мешіт жамағаты мен еріктілердің көмегі арқылы тегін жүзеге асады. Бұл – құрбан шалуға тапсырыс беруші азаматтар үшін үлкен жеңілдік.
«Сөз соңында айтарымыз, қасиетті Құрбан айт мерекесі қарсаңында халықты әуре-сарсаңға түсіріп, қызыл сөзді құбылта беру – қисынсыз әрекет. Сайт бетінде қызды-қыздымен асыл дінімізге тіл тигізіп, шариғатты мансұқтаған пікірлерге де орын беріліпті.
Білместікпен айтқан бір бөлек, дегенмен, Исламға тіл тигізіп, орынсыз пікір айтудың да ауырлығы барын біле жүргеніміз жөн. Алла Тағала баршамызға сабырлық беріп, ұлық мерекені лайықты дәрежесінде өткеруге жазғай! Тілеген дұға-тілектеріміз, шалған құрбандықтарымыз қабыл болғай!» - деп қорытты Айдос Имантай.