Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жаңа туған нәрестелер мен кішкентай балалар да түгел маска тағу керек деп мәлімдеді. Ал дәрігер, АҚШ отбасы дәрігерлері қауымдастығының мүшесі Дмитрий Киреев екі жасқа толмаған сәбилерге маска тағуға болмайтынын әрі бұл геноцидпен бірдей дүние екенін айтады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Министрліктің бұл шешімі жанашырлықтан гөрі геноцидке ұқсас. Денсаулық сақтау министрі нәрестелерге дейін маска тағуға міндеттеді. АҚШ педиатрлар қауымдастығы 2 жасқа толмаған сәбилерге маска тағуға болмайды, олар тұншығып қалуы мүмкін деп, ата-аналардың оларға маска тағуына тыйым салды. 2 жасқа толмаған балаға маска таққан ата-анаға айыппұл салынады. Ал бізде керісінше балаға маска тақпаған ата-анаға 80 мың теңгеден астам айыппұл салынбақ. Денсаулық сақтау министрінің бұл шешімі жете ойластырылмаған, фактілерге сүйенбей қабылдай салған. Осының кесірінен балалардың тұншығып өлуі он есеге артуы мүмкін», – деп атап өткен ол өзінің Instagram-дағы парақшасы арқылы жариялаған бейнеүндеуінде.
«Журналистердің нәрестелерге масканы қайдан алуға болады деген сұрағына премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов «дәріханадан» деді. Кеше жұмыстан кейін әдейі 4 дәріханаға кіріп шықтым. Ешқайсысында нәрестеге арналған маска жоқ. Әріптестерім үлкенірек балаларға маска сатылатынын айтты. Бірақ нәрестелерге, сәбилерге арналғаны жоқ екен. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой одан проблема тудырмай, сәбилерге масканы мәрліден жасаңдар деді. Немесе ересектерге арналған масканың рәзеңкесін қысқартып тағыңдар деді.
Тағы қайталап айтамын, АҚШ-тың педиаторлар қауымдастығы және Ауруды қадағалау жөніндегі орталығы 2 жасқа толмаған сәбилерге маска тағуға тыйым салды. Өйткені балалар тұншығып қалуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігін бұл шешімді қайта қарауға шақырамын. 80 мың теңге айыппұл төлеуден қорыққан ата-ана сәбилерге жаппай маска таға бастауы мүмкін. Одан бала өлімі артуы ықтимал», – дейді дәрігер Киреев.
Расында да, ағылшынтілді ақпарат құралдарында 2 жасқа толмаған сәбилерге не себепті маска тағуға болмайтыны анық жазылған. Маска тым тар болса, сәби тыныс ала алмай қалады. 4-5 айлық нәрестелер ауыз арқылы дем ала алмайды. Сондықтан маска таққан кезде мұрын арқылы тыныс ала алмай қалған нәрестелер ауыз арқылы да дем ала алмай қалады. Сәби маска таққан күйі ұйықтап қалса, тұншығып, шетінеп кетуі мүмкін, - деп жазған Мәлім.кз сайты