Коронавирус індеті салдарынан туындаған қиын жағдайға байланысты қайырымдылық шаралары әлі де жалғасып жатыр. Күн-түн демей азаматтар қор ашып, ақша жинап, биліктен үміті үзіліп, қиналған елге қол ұшын созуда. Солардың бірі жұрт арасында «Дикий Арман» деген лақап атпен танылған кәсіпкер Арман Жұмагелдиев. Ол сонау Түркия елінен Алматы облысындағы Кербұлақ ауданына 10 миллион теңгенің дәрі-дәрмегін жіберген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы журналист Жолымбет Мәкіштің өзінің facebook парақшасында жариялады. Жолымбеттің айтуынша, Арман Жұмагелдиев жай адам емес, іздеуде жүрген тұлғалардың бірі. «Бүкіл ел аптекадан ең керекті дәріні іздеп таба алмай шарқ ұрып жүргенде, Дикий Арман сонау Түркиядан Алматы облысындағы Кербұлақ ауданына 10 миллион теңгенің дәрі-дәрмегін беріп жіберіпті. Ол негізі іздеуде жүрген адам», - деп жазады ол өзінің facebook парақшасында.
Айтуынша, Кербұлақ ауданының әкімдігі риза болып, Арманға сол үшін грамота берген.
«Әкімді сөккенім емес, дұрыс істеген! Кім көмектессе, соныкі дұрыс мұндайда. Фукусимадағы апат кезінде Жапонияда да халыққа ең бірінші болып якудзалары көмектескен. Олардың патриот екені белгілі. Шабадан-шабадан ақшамен шетелге қашып жатқан, мемлекеттік қызметте жүрсе де қалтасын ғана ойлайтын, дәрі-дәрмекті қоймада тығып ұстаған, консулдыққа келген көмекті жарты ай бойы жібермеген кейбір міскіндерге қарағанда, Құдайға қараған жан екен Арман. Кімнің бандит (ұры), кімнің патриот екенін түсініп көр енді..», - деп жазған журналист.