$ 494.87  520.65  4.91

Жалған терроризм үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады

Осындай бір ғана «әзіл» айтарлықтай күштер мен құралдарды жұмсауға әкеп соғады, адамдарды жаппай эвакуациялау жүргізіледі, рейстер тоқтатылады немесе кешіктіріледі, бір сөзбен айтқанда әуе және темір жол вокзалдарының жұмысы толық бұғатталады. Көптеген жағдайларда мұндай қылмыстарға адамдар мас күйінде баратын көрінеді.
фото: matritca.kz
фото: matritca.kz

ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес терроризм актісі туралы жалған хабар бергені үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. 

Орын алған немесе дайындалып жатқан терроризм актісі жөнінде белгілі болған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабар беру – әрбіріміздің азаматтық міндетіміз болса, ал ол жөнінде жалған хабар беру – қылмыс, заңмен жазаланады.

Соңғы кездері біздің қоғам адам аяғы көп жиналатын жерлер, яғни әуежай, теміржол вокзалдары, сауда үйлері, қоғамдық тамақтану орындары және өзге де әлеуметтік нысандарда орнатылған жарылғыш құрылғылар туралы көрінеу жалған хабарлау сияқты қылмыстық жағдайлардың куәсі болып тұрады. Дегенмен, кейінгі жылдары мұндай деректер азая бастаған. 

–    Полицейлердің мақсатты профилактикалық жұмысының арқасында жарылғыш құрылғылар туралы жалған хабар беру фактілері азайды. 2018 жылы – 7, 2019 жылы – 4 факт тіркелді, – деді Көліктегі полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы полиция полковнигі Ерлан Әлімов.  

Басқарма басшысының айтуынша телефонмен «бәлен жерде жарылғыш зат бар немесе терроризм жасалайын деп жатыр» деп жалған хабар берушілердің ең басты қателігі – олар өздерін ешкім таба алмайды деп ойлауында дейді. Бүгінгі күні полицияның не басқа да құқық қорғау органдарының қоңырау шалушының тұрған орнын бірден тауып, оны қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін айтарлықтай техникалық мүмкіндіктер жеткілікті.  

–    Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, осы уақытқа дейін ішкі істер органдарына терроризм актісі туралы жалған хабарламалар келіп түсіп, мемлекеттік құрылымдардың елеулі күштері мен қаражатын шығынға ұшыратты. «Жалған террористер» мұндай қоңыраулардың салдары қаншалықты ауыр екенін түсінбейді, – дейді Е.Әлімов. 

Жарылғыш құрылғы туралы хабарлама келіп түскен кезде жедел жәрдем, жедел қызмет көрсету және құқық қорғау органдарының күштері мен құралдары жұмылдырылып, дереу қауіпсіздік шаралары қабылданып, жедел іздестіру іс-шаралары кешені жүргізіледі. 
Телефон терроризмінің себептері қасақана бұзақылықтан жауапсыз әрекеттер мен жеңіл-желпі мәлімдемелерге дейін әр түрлі болып келеді. Мәселен, әуежайларда тексеру іс-шаралары барысында жолаушылар тексеру қызметі инспекторының «қол жүгіңде не бар?» деген сұрағына олар «бомба», «граната» деп әзілдейтін кездер де болады. Бірақ оның бұл әзіл жауабының салдары қаншалықты қиындық туғызатынын ойламайды дейді мамандар.

Осындай бір ғана «әзіл» айтарлықтай күштер мен құралдарды жұмсауға әкеп соғады, адамдарды жаппай эвакуациялау жүргізіледі, рейстер тоқтатылады немесе кешіктіріледі, бір сөзбен айтқанда әуе және темір жол вокзалдарының жұмысы толық бұғатталады. Көптеген жағдайларда мұндай қылмыстарға адамдар мас күйінде баратын көрінеді. Және осындай құқық бұзушылық үшін оларды елеулі қылмыстық жауапкершілік күтіп тұрғанын сезінбейді. Сот кезінде бұл әрекеттеріне олар қатты өкінеді дейді мамандар. 

Мәселен, 2019 жылдың желтоқсан айында Маңғыстау облысының Ақтау қалалық соты дайындалып жатқан терроризм актісі туралы жалған хабарлама жасағаны үшін 26 жастағы азаматты 1 жылға бас бостандығынан айырып, оны сот залында қамауға алды, сондай-ақ жалған қоңырау үшін шығындарды төлеуге міндеттеді. Полиция қызметкерлері осы қылмысты жасаған кезде ер адамның мас күйінде болғанын анықтаған. 

Айта кетейік, ҚР ҚК-нің 273-бабы «Терроризм актісі туралы жалған хабарлау» бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде қылмыстық жауапкершілікті көздейді. Сонымен қатар, жалған террористер сот шешімі бойынша жедел ден қою қызметтерін оқиға орнына жалған шақыру шығындарын толық көлемде өтейді. 

ҚР ІІМ ресми ақпараты бойынша елімізде соңғы 5 жылда жалған терроризмге қатысы бар деген күдікпен 290 адам ұсталса, оның ішінде 258 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 

Өткен жылы сәуір айында Алматыдағы халықаралық әуежай ғимараты  «миналанған» деген хабар түседі. Тексеру барысында тәртіп сақшылары жалған террористің бала екенін, ал оның 102-ге қоңырау шалуы «жай ғана әзіл» екенін анықтаған болатын. Жас бұзақының қателігі үшін оның ата-анасы жауапқа тартылды. 

Ескерте кетейік, жалған терроризм үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады.

                                                                                                                                            Ф: Терроризм қоңырау – Әсел Д


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары