Әлеумет 07.08.2020 сағат 10:40

«Қабырғалары сыз тартады»: Арыс тұрғындары үйді толық бітірмей кеткен мердігерлер үстінен шағымданды

Осы көшедегі 15-үйдің тұрғыны Өтеген Нұралбек те пешінің дұрыс жанбайтынын айтады.
«Қабырғалары сыз тартады»: Арыс тұрғындары үйді толық бітірмей кеткен мердігерлер үстінен шағымданды
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Түркістан облысындағы Арыс тұрғындары былтырғы жарылыстан кейін жауапты мердігерлер үйлерін толық бітірмегенін және шала іс аяқсыз қалғанын айтып шағымданды, - деп хабарлайды Хабар 24.

Мысал ретінде сюжетте Жунжаев көшесіндегі үйлер келтіріледі. Мұндағы баспаналардың барлығы 4 отбасылық. Былтыр жарылыс болған кезде үйлері қирап, жарамсыз болып қалған. Мемлекет ескі үйдің орынынан жаңасын салып беріпті. Тұрғындар мердігер мекеменің жұмысты толық аяқтамағанын, көбі шала істелгенін айтады.

"Мен мұндағы құрылыстың сапасыз жүргізілгенін айтқым келеді. Үйге орнатып берген пештері тартпайды. Жылу жүйесі де мардымсыз, қабырғалары сыз тартады. Еденнің жақтауларын қақпаған. Есік-терезелері дұрыс жабылмайды. Соны қайтадан дұрыстап берсе деген тілегіміз бар", - дейді Арыс қаласының тұрғыны Марина Хамрук.

Ал осы көшеде тұратын Ольга Владимировна болса, "баспанамыздың құрылысында мін жоқ, бар гәп пеште болып тұр, дұрыс орнатпаған" дейді. 

"Үйімді жақсы салды. Оған рақмет айтамын. Бірақ пеш оңбады. Иіс ішке ұрады. Тағы да болса есік-тереземіз осы жерде орналасқан. Ашып желдетіп аламыз. Ал пеш іште болса не болар еді? Осыны жөндеп берсе дейміз", - дейді Ольга Владимировна.

Осы көшедегі 15-үйдің тұрғыны Өтеген Нұралбек те пешінің дұрыс жанбайтынын айтады. "Ауызғы үйдің ішін толық бітірмей кетті" деп мердігер мекемеге ренжулі.

"Мынау бітірмей кеткен жері. Қалғанына рақмет бітіріп берді. Осы бөлме бітпей қалды. Анау пеші жанбайды. Оны үйден қостық. Әкелген пеші тұр міне. Осы бөлмені бітіріп берсін, болды басқа ештеңе сұрамаймыз", - дейді ол.

Осы көшенің тағы бір тұрғыны Зарина Георгиади "жаңа баспана салып бергені үшін мемлекетке алғыстан басқа айтарым жоқ. Егер өзім болсам мұндай үйді өмір бойы сала алмас едім, оған шамам да, қаржым да жетпейді. Бастысы бас аман, қалғаны орынына келеді" дейді. 

"Үйіміз жылы, таза, әрі жарық. Жаман деп айтуға аузым бармайды. Шынымды айтсам, бұрынғы үйіміз ескі болатын. Мынадай зәулім үй салып берген үкіметке рақмет. Осында жұмыс істеген мердігер мекеменің құрылысшылары да аянып қалмады. Барлығын ойымыздағыдай істеп берді", - дейді Арыс қаласының тұрғыны Зарина Георгиади.

Бұл үйлердің барлығы 9 секторға қарайды. Оған Нұр-Сұлтан қаласы жауапты. Мұнда 20-ға жуық әртүрлі мердігер компаня жұмыс істеген. Естеріңізде болса, былтыр осы сектордың жұмысы көп сынға алынған болатын. Құрылыс қар түскенге дейін жалғасты. Халықты тезірек үйлеріне кіргізу үшін асығыстыққа да жол берілген. Бірақ барлық кемшілікті жоямыз дейді мердігер мекеме өкілі.

"Үйді салғанда кейбір жерлері қалып кетті, оны істеп береміз деп уәде бергенбіз. Біз биыл ерте келейік дегене едік, келе алмаған себебіміз, мынау карантинге байланысты. Осы эпидахуал жақсарған соң қалған жұмытарды істеп беріп кетеміз. Былтыр қысқа асығыстау болдық, халықты көшеде қалдырмау керек болды. Үйлеріне кіргізу керек болды. Енді сол сыртта қалып кеткен жұмыстарды істеп беруге міндеттеніп отырмыз", - деді мердігер мекеменің өкілі Ернар Қожахметұлы.

Ал Арыс қалалық құрылыс бөлімінің мамандары барлық кемшіліктер туралы жауапты мердігерлерге ескертілгенін айтады. Карантин мерзімі аяқталған соң олқылықтар орнына келеді деп отыр.

"Қалып кеткен ақаулар шығып жатыр және ол бойынша мердігерлерге келісім-шартта көрсетілген 5 жылдық кепілдік мерзімдері бар екенін хабарладық. Ол мердігерлер қазіргі таңда карантинге байланысты сәл тоқтап тұр. Олар барлығын қалпына келтіріп беретінін айтып отыр", - деді Арыс қалалық құрылыс бөлімінің инспекторы Бағдат Битілесов.

Айта кетейік, Арыс қаласында 8 мыңнан аса үй бар. Былтырғы жарылыс кезінде соның 7 мыңнан астамы зақымданып, қалпына келтірілді. 400-ден аса баспана қайта салынды. Мұндағы құрылыс алаңында 500-ден астам компания, 10 мыңға жуық құрылысшы жұмыс істеді.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар