«Bek Air» АҚ әуе компаниясынан тоқтатылған әуе рейстері үшін сатып алынған билет құнын қайтару үшін тағы 108 қазақстандық өтініш берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстандықтар Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне тоқтатылған рейстердің билеттері үшін ақшалай қаражатты өтемеген «Bek Air» АҚ әуе компаниясына қатысты бұзылған құқықтарын қалпына келтіру туралы өтініштерін жолдап жатыр. Үшінші талап-арызда ТҚҚК 7,6 млн теңгеге 212 әуе билетін сатып алған 108 қазақстандықтың мүддесі көрсетілген», - делінген комитет таратқан ақпаратта.
Сотта өз мүдделерін білдіру үшін тұтынушылар ТҚҚК мекен-жайына мына сілтемеден жүктеп алынған анықтаманы жіберуі керек. Өтініштер электрондық үкіметтің порталы және телеграмм-боты арқылы қабылданады.
Еске сала кетсек, бұған дейін сот тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің «Bek Air» АҚ-на қатысты екінші талабын қанағаттандырған болатын.