Павлодарлық атқамінерлер өңірге іс-сапармен келген Экология министрі Мағзұм Мырзағалиевті алдап соқты. Май ауданының тұрғындары осылай дейді. Олардың айтуларынша, «ҚазСуШар» мемлекеттік кәсіпорнының өкілі министрге аудандағы 15 ауыл ауыз суға қосылған деп есеп берген. Ал шын мәнінде халық суға жарымай отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Шыған ауылына су жетпек түгіл, құбыр да тартылмаған. Ал 5 ауылда құбыр тартылғанымен, су берілмеген. «Нұра» топтық су құбыры» мемлекеттік кәсіпорынының «Ертіс» филиалы болса, өздеріне шаң жуытқысы келмейді.
«Біз тек магистралды су құбырына ғана жауап береміз. Құбырды барлық ауылға тарттық. Онда 24 сағат су беріліп тұр. Бірақ, құбырымыз 15 ауылға бірдей су жібергенді көтермеді ме, бірнеше жерден жарылды. Осының салдарынан қазір 5 ауылда су жоқ. Ал суды ауылдың ішіне немесе үйге дейін жеткізу біздің құзырымызға кірмейді», - дейді филиал директорының міндетін атқарушы Арман Оспанов.
Бірақ, аудан әкімі кәсіпорынның ақпаратын теріске шығарды. Ол бірнеше ауылға су тұрмақ, құбыр да жеткізілмегенін айтты. Мердігер ақшаны қалтаға басып, Шыған ауылына су апармаған. Ақыры іс сотта қаралып, қаражат кері қайтырылыпты.
«Енді бұл бізбен ғана байланысты емес. Жанағы республиканский РГП-мен де байланысты. Суды бізге көтеріп, тазалап беретін де сол мекеме. Болжауымызша, бір айдың ішінде бәрін бітіреміз», - дейді Май ауданының әкімі Марат Ақтаев.
Аудандағы 20 мың халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін қолға алынған топтық су құбырын тарту жобасының басынан дау арылмады. Құрылысы 10 жылға жақындаған нысанға алғашында 6,5 миллиард теңге бөлініп, ол қаражат қолды болған. Осыдан соң жоба тоқтады.
Тек 2018 жылы ғана қайта жанданды. Бұл жолы 4 миллиард теңге жұмсалған. Құрылысы өткен жылы аяқталды. Бірақ, қомақты қаржыға келген жобаның жыры әзір бітер емес. Министрді алдаған шенділер енді тағы 1 ай шыдасаңдар, су беріледі деп халықты жұбатып әлек.