17 тамыздан бастап жұмысын бастамайтын кәсіпорындарға 42 500 теңге көлеміндегі мемлекеттік төлемді ұзарту ұсынылып отыр. Бұл туралы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Эльдар Жұмағазиев айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Sputnik-ке сілтеме жасап.
Қазір Ұлттық палатаның отандық кәсіпкерлерді қолдау көрсету пакетімен қамту үшін Ұлттық экономика министрлігімен келіссөздер жүргізіп жатқаны белгілі болды.
«Біз қазір мемлекеттік төлемді ұзарту жөніндегі өз ұсыныстарымызды дайындап жатырмыз. Бүгінде қызметтің тағы бірнеше бағыты шет қалып отыр. Мәселен, караоке, тойхана және басқа да бағыттар. Біз онда қанша адам жұмыс істейтіні туралы ақпарат жинап, тексеріс жүргіземіз», - деді «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары.
Сонымен қатар, Ұлттық палата кәсіпкерлердің несиесін кейінге қалдыру және қайта қаржыландыру, салықтарды кейінге қалдыру және жалдау ақысын төлеу мәселелерін пысықтауды ұсынады. Жұмағазиев 17 тамыздан бастап жұмыс істеуге тыйым салынған кәсіпкерлер саны едәуір азаятынын да атап өтті.
Тағы оқи отырыңыз: «Құдды бір рэкет сияқты»: кәсіпкерлер «Атамекен» палатасына жарна төлеуге қарсы болып жатыр
Бұған дейін ҰКП төрағасының орынбасары елімізде карантин режимі салдарынан 1,3 миллион адам жұмыссыз қалғанын мәлімдеген еді.