Белгілі заңгер, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің белсенді мүшесі Айгүл Орынбек өз парақшасында Шардара қаласындағы су тазарту қондырғыларының фотосын жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Заңгердің жазуынша, отыз мыңға жуық халық су ішіп отырған бұл тазарту құрылғысының жағдайы адам көргісіз халге түскен. Сасық иісі қолқаны қауып, сүзгілердің тең жартысын грибок бактериялары басып, көгеріп кеткен.
«Өздері ішіп отырған судың тазалығын сұрамайтын халықпыз! Шардара қаласындағы су тазарту қондырғылар орналасқан қоймасының түрі мынау! Ішінің сасық иісі мұрынды алады. Анау көгеріп тұрған грибок бактерияларды Шардара СЭС тексермеген соң, осындай дәрежеге жеткен шығар ия? Ауданның Прокуроры, әкімі қайда қарап отыр?- деп сұрамай ақ қояйын! Карантин кезінде саунада шомылып заң бұзып жүрген әкім, халықтың ішер суын қайтсін?
Бәрібір олар бұған жауап бере алмайды!», - деп жазады бұл жолы.
Айтуынша, жағдайды бақылауға алу үшін Облыстық Прокуратураға арызданбақ екен.
«Бірден Облыс Прокуратура назарына! Халық ішіп отырған суы үшін ақша төлейді! Таза су ішуге құқылы 29 000 халық! Жергілікті бюджеттен су тазарту құрылғыларына қаншама қаражат бөлініп жатыр! Халықтың денсаулығын ойлайтын әкімдер бірінші ішер суын дұрыстайды! Мына жерден қалай су ішуге болады енді айтыңдаршы? Суды өзіме құйып алып кеттім, экспертизаға жіберем шет елдік лабораторияға! Елге адал қызмет ету үшін қызмет немесе билік керек емес! Тек ниет болса болды!», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.