Семейлік тұрғындар қолдарына плакат ұстап, көшеге шықты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, "Еуразия бірінші арнасына" сілтеме жасап.
Олардың қолдарындағы плакатта "Бізді улауды тоқтатыңдар!" деп жазылған. Дабыл қаққан тұрғындар зиянды қалдық шығарылатын полигонды оқшаулауды талап етуде.
Телеарна мәліметінше, "Восход" ауылының тұрғындары 10 жылдан бері токсинді шаңды жұтып келеді екен. Айтуларынша, жергілікті тұрғындардың үйлеріне жақын жерге күл мен қалдық төгіледі. Ал халық, бұл жағдайды "экологиялық апат" деп есептейді.
Сол жердегі тұрғынның бірі Қанат Жұмағүловтың сөзінше, адамдарға далаға кір жаю мұң. Себебі жел жел тұрса, полигонның шаңы бүкіл жерге жайылады. Тіпті, ол жерде ағаштар да сарғайып кеткен көрінеді. Енді халық жергілікті билік өкілдерінен өз мәселелеріне назар аударулы сұрап отыр.
Осы орайда, әкімдіктің ақпаратының мәліметінше, карьер ауылдан бір шақырым алыста. Онда "Жылукомунэнерго" мекемесі қазандықтан шыққан қоқысты заңды түрде төгеді. Компанияның тиісті құжаттары бар. Оған қоса, рұқсат қағаздары 2022 жылға дейін жарамды екен. Олар шлакты бульдозерлермен қаптағанын айтып, халыққа зиян келмейтінін алға тартты.
Бұл тұрғыдан экологтар әкімдік қызметкерлерінің ойымен келіспейді. Мамандардың пайымдауынша, егер барлық ереже сақталса, шаң көтерілмеу керек.
Тәуелсіз эколог Роман Честных болса, "күл төгілген соң ылғалдандырылса көкке көтерілмеуі керек. Құрғақ күл қалдықтарын қауіпсіз деуге келмейді" деген пікірде.
Енді тұрғындар қол жинап, "қара полигонды" жабуды тала етпек.