21.08.2020, 22:40

«Бұл саған Корея емес, Дубай!»: БАӘ-ге жұмыс іздеп барған шымкенттіктер туристік компанияға қапалы

фото: inform.kz
Келісілген ақшаға қажетті жағдай жасалмаған және уәде етілген жұмыс берілмепті. Сөйтіп, әрқайсысы 2,5 мың АҚШ долларынан қағылған.

Шымкенттік бір топ азамат Біріккен Араб Әмірліктеріне мал табамын деп барып, нан таба алмай қайтыпты. Оған олар арабтарды емес, жергілікті туристік компанияны айыптап отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Келісілген ақшаға қажетті жағдай жасалмаған және уәде етілген жұмыс берілмепті. Сөйтіп, әрқайсысы 2,5 мың АҚШ долларынан қағылған.

«Туристік фирма шетелде қызмет көрсету саласы бойынша бес түрлі жұмыс бар, жалақысы 1,5 мың доллар, жатын орны мен тамағы тегін деді. 1 200 доллар мен 85 мың теңгені санап бердім. Ақпанның 6-сы күні үш адам ұшып бардық. Артынан тағы төрт жігіт келді. Бірақ, не жұмыс жоқ, не ас жоқ. Екі ай бос жатып қайттық», - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Виктор Ткалич.

Ал келесі тұрғын Гүлчехра Саидованың айтуынша, «Бұл саған Корея емес, бұл – Дубай! Дубайда 28 күн ішінде табамыз жұмысты, гарантия!»,-, депті «жұмыс беруші».

«Гарантия қағаз жазып бересіз бе десек, жоқ деді. «Мен ауызша айтып жатырмын, ондай еш жерде жазып бермейді», - деп айтқан-тұғын. Біз келісіп, ақшаларын беріп, мен март айында ұшып кеткенмін. Ол жаққа барып, төрт күн Роял қонақүйінде тұрдым», - дейді ол.

Ал туристік фирманың заңды өкілі ешкімді алдағанымыз жоқ деп отыр. Фирма өзіне жүктелген міндетті келісім-шартқа сай толық орындапты-мыс.

«Ресми түрде жұмысқа орналастыратын құзыретіміз жоқ. Мен заңды жақсы білемін. Ал «Жұмысқа тұруға жәрдемдесу» деген – мүлдем бөлек. Біз оларға жұмыс табуға көмектесеміз дедік. Менің ұлым оны Әмірлікте бірнеше жерге жұмысқа апарған. Ол ешқайсысын жаратпапты. Кейіннен Виктор деген азамат «машина сатумен айналысамын» деп кеткен. Келісілген 28 күн ішінде елге қайтпай, сәуірдің ортасына дейін жүріп алған өзі. Мейлі, арыздана берсін. Менің құжаттарым түгел. Бәрі заңды», - дейді туристік фирманың заңды өкілі Зухра Арзиева.

Дәл осы фирмаға алдандық деген 7 азамат бар. Бірақ, олар әлдеқайда көп болуы мүмкін, дейді арнаға шағымданғандар. Тақырға отырғандардың алды полицияға жүгініп отыр.