23 тамыз күні Нұр-Сұлтан қаласында қоғамдық көліктің қозғалысы уақытша тоқтайды. Бұл туралы City Transportation Systems компаниясы хабарлады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Жексенбі күні, 23 тамызда Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, қоғамдық көліктің жұмысы уақытша тоқтатылады. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында автобустар мен автопарктерде ауқымды дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі», - делінген компанияның хабарламасында.
24 тамыз, дүйсенбіден бастап қоғамдық көлік қалыпты жұмыс режиміне көшеді. CTS компаниясы автобусқа бетпердесіз кіруге болмайтынын да еске салды. Жолаушылар қоғамдық көлікке алдыңғы есіктен кіреді. Жол жүру ақысы қолма-қол ақшасыз, карта, SMS, QR-код арқылы төленеді.
Айта кетсек, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда демалыс күндері карантин күшейтілетінін мәлімдеген еді. Бұл ретте, 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуы шектеліп, кейбір нысандар жұмысын уақытша тоқтатады.