Ақмола облысының тұрғыны демалыс аймағында өтіп жатқан отбасылық мереке туралы полицияға хабарлап, заң бұзушылықты анықтауға көмектескен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ақмола облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінен мәлім еткендей, 18 тамызда Аршалы аудандық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына аумақтық полиция бөлімінен іс материалы түскен.
Анықталғандай, полицияның кезекшілік бөліміне белгісіз адам қоңырау шалып, Жібек жолы ауылында көпшіліктің қатысуымен отбасылық іс-шара өткізіліп жатқанын айтқан. Осылайша, Ақмола облысының бас санитарлық дәрігерінің карантиндік шектеу талаптары туралы қаулысы бұзылған.
«Полиция қызметкерлері айтылған орын – «BEIBARYS» демалыс аймағына барды. Көпшіліктің қатысуымен іс-шара өткізілгендігі туралы ақпарат расталды. Анықталғандай, күйеу жігіт пен қалындықтың туыстары отбасылық іс-шара өткізген. Осыған байланысты демалыс аймағы иесінің үстінен ҚР ӘҚбК 425-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынды. Кәсіпкер кінәсін толық мойындап, өндірісті қысқарту құқығын пайдаланып, 115 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни белгіленген айыппұлдың 50 пайызын өтеді», - деді ведомстводан.