27.08.2020, 05:50

Коронавирустың кесірінен анасынан айрылған балаларға елорда әкімдігі көмектеспек

фото: Ақмарал Олжабаеваның facebook парақшасынан
Оқу құралдарын сатып алуға сертификаттар мен қашықтан оқу үшін компьютерлер мен роутерлер беріледі.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов 19 жастағы Дильнас Шәріпбаевамен кездесті. Бұл жайлы Нұр-Сұлтан әкімдігінің баспасөз хатшысы Ақмарал Олжабаева Facebook парақшасына жазды.

Дильнастың айтуынша, анасы мен үлкен ағасының қайтыс болуына байланысты қолында 12, 14 және 16 жастағы кәмелетке толмаған сіңілісі мен бауырлары қалған. Әкімдік Дильнас бен оның кіші сіңлілерінің колледждегі оқу ақысын төлеу мәселесін шешіп береді. Ал оның бауырларына жаппай оқыту қоры аясында көмек көрсетіледі. Оқу құралдарын сатып алуға сертификаттар мен қашықтан оқу үшін компьютерлер мен роутерлер беріледі.

Сонымен бірге әкімдік оларды уақытша баспанамен қамтамасыз етеді. Дильнас Шәріпбаева тұрақты жұмысқа орналасады. Әкімдік бұл отбасының балаларына алдағы уақытта тұрақты негізде көмек көрсетеді.