Алматы іргесіндегі Береке ауылының тұрғындары нәжіс суын ішуге мәжбүр. Себебі демалыс орталығының кәріз құбырынан аққан шайынды өзен арнасына құйылып жатыр. Оны бүтін бір ауыл ішеді. Себебі елді мекенде әлі күнге орталық су құбыры тартылмаған деп жазады KTK. Ал, жуынды мен нәжіс араласқан суды СЭС мамандары тұтынуға жарамды депті.
Талғар ауданына қарасты Береке ауылының тұрғындары тайлы-тұяғы қалмай өзен жағалап жүр. Себебі, ауылды тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отырған жалғыз су көзіне енді шайындылар құйылып жатыр екен. «Ақбұлақ» демалыс орнынан шығатын қалдық сулар құбырға сыймай сыртқа ақтарылған. Соның салдарынан таудан ағатын өзен арнасы ластанып, қолқаны қабатын қолаңса иіс айналаны алып кетті.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, өзенге кірдің суы, тіпті адамның нәжісі де араласып жатыр екен. Оны шенеуніктерге көрсету үшін бейнекамераға да жазып алыпты. Алайда, әкімдіктегілер жыл сайын су мәселесін шешіп береміз деп, құрғақ уәдемен құтылып келеді.
Ал, тоқтаусыз жазылған арыздардан кейін тұтынушылар құқын қорғау басқармасының қызметкерлері судан сынама алып кеткен екен. Бүгін мамандар ағын судың арамдығы жоқ, ішуге жарамды деген қорытынды шығарыпты. Алайда, сол атқамінерлердің өздері дәл өзеннен алынған нәжіс суын ішуге жүректері дауаламады.
Өзен суын ішпеймін деп ат тонын ала қашқан атқамінерлердің жағымды жаңалықтары да жоқ емес. Береке ауылын таза тіршілік нәрімен қамтамасыз ету үшін қазір құжаттар әзіреленіп, 280 миллион теңге қарастырылған екен. Сондықтан сасық суға тұншыққан тұрғындар жыл соңына қарай орталық құбырдан ауыз су алып ішуі ғажап емес.