$ 494.87  520.65  4.91

«Күдіктеніп отырмыз»: сот өкілі ипотекаға қарызға батқан төртбалалы ананы үйінен күштеп шығармақ болған (ФОТО)

Сот орындаушысы қаржы институты ипотекалық қарызы бар отбасын сотқа бергенін растады.

Бүгін Алматыдағы Әуезов ауданына қарасты «Қуаныш» шағынауданындағы отбасылардың бірін үйінен қуып шықпақ болған сот орындаушылары заңсыздықтарға жол берген. Бес адамнан тұратын топ жеке сот орындаушысы Бексейіт Бекназаровпен бірге ипотека бойынша қарызға батқан жанұяны үйінен күшпен шығармақ болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Баспана иесі Виталий Мартынов қалалық сотқа арыз жазып, сот шешімін орындауды кейінге шегеруді сұраған. Оның талап-арызы екі күннен соң, яғни 3 қыркүйекте қаралуы тиіс. Алайда, Әуезов аудандық сотының шешімін орындауға келген бір топ адам өздерін сот орындаушыларымыз деп таныстырып, үйге баса-көктеп кірген. Бірақ оларға үй иелерінен тыс, ипотека алушылардың құқығын қорғайтын қоғамдық бірлестік өкілдері қарсылық танытты. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бұзған  сот орындаушыларының жақтастарын ұстап әкетті. Ал Әуезов аудандық прокуратурасы мен әкімдік көпбалалы Мартыновтар отбасына қолдау көрсетуге уәде берді.

Бірақ сот Виталий Мартынов жағында емес. Ол Алматыдағы Жандосов көшесі мен Мұстай Кәрім көшелерінің қиылысындағы жерден баспанасын кеңейту үшін 2011 жылы 41 млн теңге несие алған. Қазақстан ипотекалық компаниясына кепіл ретінде үйі мен жерін қойып, соңғы 6 жылда оның 25 млн теңгесін төлегенін айтады. Алайда соңғы үш жылда борышкер денсаулығына байланысты банк алдындағы берешегін кешіктірген.

«Мен ірі көлік апатына түстім де, жұмысқа жарамай қалдым. Сосын қарызды төлеуге көмектесіп жүрген бауырым да қайтыс болып кетті. Асырауымда төрт балам бар. Сондықтан қиналып қалдым. Ұлттық банктен қайта қаржыландыру бағдарламасына кіргізуді сұрадым. Алайда, КИК (Қазақстан ипотекалық компаниясы - авт.) оған рұқсат бермеді. Баспананы сатып қарызды өтеуге де мүмкіндік бермей, сыртымнан үйді арзанға сатып жіберіп отыр», - дейді В. Мартынов.

Сот орындаушысы қаржы институты ипотекалық қарызы бар отбасын сотқа бергенін растады. Былтырдан бері Алматы қаласы Әуезов аудандық сотында қаралған іс бойынша Мартыновтар үйден шығуы керек еді. Себебі, баспана одан бұрын аукцион арқылы үшінші тұлғаға сатылған. Енді коттедждің жаңа иелері жеке сот орындаушыларын жалдап, үйді босатуды сұрап отырғаны белгілі болды. Апеллияциялық шағымдарды күтпестен, аудандық сот шешімін орындау 31 тамызға белгіленген.

«Менің үйімді сатып алу конкурсына екі адам ғана қатысқан. Олар ерлі-зайыпты кісілер. Бір IP-адрестен, бір компьютерден өтініш жібергені белгілі болды. Ал баспананың нарықтағы құны 120 млн теңгеден кем емес. Олар үйді 50 млн теңгеге сатып алған. Оның құны 48%-ға қолдан арзандатылған. Мұнда бір шикіліктің барын прокуратура анықтап, бізге мәліметтерді берді. Содан кейін біз қалалық сотқа шағымдандық. Іс 3 қыркүйекте қаралады деп күтіп отырғанда, бізді үйден шығарып тастауға әрекет етті. Мұны рейдерлік деп бағалаймын», - дейді үйдің бұрынғы иесі.

Баспананың жаңа иелері Жансая Бауберікова мен Асқар Адырбековтер - бір отбасының өкілдері. Виталий Мартыновтың сөзінше, олар үйді алып-сатумен айналысады. Осы екі адамның басында 44 жылжымайтын мүлік тіркелген.

«Олар үйді банктен төмендетілген бағамен алып, қайта сатуға әрекет еткені белгілі болды. Сондықтан біз мұнда алаяқтық фактілерінің барынан күдіктеніп отырмыз. Сол себепті, қалалық соттан істі қайта қарауды және баспанадан шығару мерзімін созуды сұраймыз», - дейді борышкер.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары